Жаңалықтар

Жасы елуден асқан азаматтар мектепте күзетші бола алмайды

Коллаж: kursiv.media мұрағаты

Елдегі білім беру ұйымдарында Күзет қызметтерін сатып алу жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттама бекітілді. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның депутаттарға берген жауабында жазылған.

Министрдің сөзінше, бұл шешім білім беру ұйымдарындағы күзет қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында жүргізіліп отыр.

«Күзет қызметтерін сатып алу жөніндегі үлгілік конкурстық құжаттама бекітілді. Онда күзет ұйымдарына (білім беру ұйымы орналасқан жер бойынша кеңсе үй-жайының болуы, кемінде 2 жедел әрекет ету тобының болуы, радиобайланыс және т.б.) және олардың қызметкерлеріне (жасы 25-тен 50 жасқа дейін, дене және арнайы даярлығының болуы, кәмелетке толмағандарға қатысты өтелген және өтелмеген соттылығының болмауы) бірыңғай біліктілік талаптары белгіленген», – дейді ол.

Балаева жауабында «лицензияланған күзет білім беру ұйымдарының 100%-ында енгізілген» деп атап өтеді.

Еске салсақ, мектептегі күзет қызметін күшейту мәселесі баяғыдан бері айтылып келеді. Жақында Атырау облысы Құлсары қаласында мектеп оқушысы басқа балаларға балта ала жүгірген оқиғадан кейін тиісті шара қабылданды. Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова аталған мектептің директоры қызметінен босатылғанын мәлімдеген.