
Таяу Шығыстағы жанжал кезінде Дубайда қалып қойған Жазира Байырбек мемлекет жіберген ұшаққа мінушілердің көп екенін айтты.
Сондықтан өз қаражатымен елге қайтудың басқа амалдарын іздестіріп жатыр. Әнші алаңдаушылық білдірген отандастарына сәлем жолдап, алғыс білдірді.
«Дайрекке келіп жатқан хаттардың біразын көрдім. Сіздердің тілектеріңізді оқып, түнімен ұйықтай алмадым. Аналарымыз дұға жасап, «қарашы, келді ме екен, жетті ме екен» деп уайымдап жатыр. Алла қаласа, амандық болса, жетеміз. Рейстерді күтіп отырмыз», – деді әнші.
Жазира Байырбектің айтуынша, мемлекет жіберген ұшақтарға мінетін адамдар өте көп. Сондықтан өз есебінен басқа елдер арқылы келу жолдарын қарастырып жатыр.
«Баршаларыңызға рахмет. Осыншама тілекші болатындай халыққа не істедік біз деген ой келеді. Рахмет сіздерге. Сіздердің махаббаттарыңыз Алланың бізге берген үлкен сыйы деп білемін», – деді Жазира Байырбек.
Сонымен қатар әнші болып жатқан жағдайларды әлеуметтік желіге бөлісуге Дубайда тыйым салынғанын, таратқан адамдарға қомақты айыппұл салынатынын ескертті.
«Зымырандардың дауысын естімей ояну бақыт екен» деп жазды Жазира Байырбек.
Мұның алдында әнші Дубайдағы жарылыстар туралы бейнежазба жариялаған еді.