Lifestyle

Жазира Байырбек Таяу Шығыстан елге қайта алмай жатыр

фото: instagram

Танымал әнші Жазира Байырбекова қазіргі уақытта Таяу Шығыс аймағынан Қазақстанға орала алмай отырғанын хабарлады. Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбалар мен жанкүйерлердің алаңдаушылығына байланысты өнер иесі ресми түсініктеме берді.

Оманға өту және қазіргі жағдай

Әншінің айтуынша, олар қазіргі таңда қауіпсіз аймақ саналатын Оман мемлекетінің Маскат қаласына жеткен. Бұған дейін жарияланған стористері жақын жандардың сауалына жауап ретінде салынғанын, алайда оның БАҚ беттеріне тез тарап кеткенін атап өтті.

«Ешкімді уайымдату ниетіміз болған жоқ, тек жағдайымызды сұрап жатқандарға жауап ретінде салған 1 ғана сторис еді», дейді әнші.

Неліктен ұшаққа отыра алмады?

Елшілік өкілдерінің берген мәліметіне сүйенсек, Қазақстаннан жіберілетін арнайы рейстерге жолаушыларды отырғызудың нақты тәртібі бар. Заң бойынша басымдық келесі санаттарға беріледі:

  1. Аяғы ауыр әйелдер;
  2. I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтар;
  3. 5 жасқа дейінгі балалар;
  4. Қарт кісілер.

Жазира Байырбекова бастаған 6 адамнан тұратын топ бұл тізімге кірмейтіндіктен, олар әзірге Оманда қалуға мәжбүр. Қазіргі уақытта олар өзге елдер арқылы транзитпен ұшу мүмкіндіктерін қарастырып жатыр.

Концерттердің тағдыры не болмақ

Елге оралу уақытының кешігуіне байланысты жоспарланған мерекелік концерттер кейінге шегерілуі мүмкін. Әнші билет алған көрермендерден кешірім сұрап, аман-есен оралған соң барлық шаралардың басқа күнге ауыстырылатынын жеткізді.

Бұған дейін, Жазира Байырбек Дубайдағы жарылыстар мен бомбаланған үйлер туралы бейнежазба жариялаған еді.