Жаңалықтар

Депутат автосақтандыру бойынша төлем жүйесін өзгертуді талап етті

Фото: kursiv.media архиві

Депутат Нұрсұлтан Байтілесов Қазақстанда міндетті автосақтандыру жүйесін реформалауды және келген шығынды бағалаудың тәуелсіз механизмін енгізуді ұсынды. Бұл қадам мүдделер қақтығысын болдырмауға бағытталған. Осы мәселе төңірегінде мәжілісмен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігігің басшысы Мадина Әбылқасымоваға сауал жолдады.

Қазіргі жүйенің кемшіліктері

Байтілесовтың айтуынша, қазіргі кезде сақтандыру компаниясы бір уақытта өтемақыны төлеп қана қоймай, оның мөлшерін де анықтайды. Бұл зардап шеккен азаматтардың мүмкіндіктерін шектейді, яғни олар не сақтандыру компаниясының есебін қабылдауға мәжбүр, не қосымша рәсімдерді жүргізуге тиіс. Ал бұл шаралар әрдайым залал көлемімен сәйкес келмейді.

«Көлік құралдарының иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыру туралы» заңын қолдану практикасында жүйелік проблема анықталды. Ол азаматтардың мүліктік құқықтарына әсер етеді және міндетті автосақтандыру институтына деген сенім деңгейіне тікелей ықпал етеді», – делінген депутаттық сауалда.

Құқықтық механизмдегі кемшіліктер

Байтілесовтың айтуынша, мәселе заңдағы олқылықтарда емес, оның практикалық тұрғыда іске асырылу механизмінде жатыр.

22-бапқа сәйкес, көлікке келген зақымның сомасын сақтандыру компаниясы немесе компания шақырған бағалаушы анықтайды. Зардап шеккен адам тәуелсіз бағалау жүргізуді тек сақтандыру компаниясы белгіленген мерзімде әрекет етпеген жағдайда ғана сұрай алады. Байтілесовтың пікірінше, бұл жүйе мүдделер қақтығысына әкеліп, зардап шеккен адамды ыңғайсыз жағдайда қалдырады.

Депутат ұсынысы

«Нәтижесінде сақтандырушы бір уақытта өтемақы төлеу міндетін атқарады, зиян көлемін анықтау рәсіміне қатысады, ал бағалау құралдары мен талаптары уәкілетті органмен белгіленеді», – деді депутат.

Депутат қазіргі қолданыстағы нормативтік реттеуді және сақтандыру төлемдерін реттеу әдістерін қайта қарауды, сондай-ақ тәуелсіз залал бағалауды енгізу арқылы сақтандыру қатысушыларының мүдделерін ескеруді ұсынды.

Айта кетейік, 2026 жылдан бастап автокөлікті сақтандыру құны шартты алғаш жасасқан жүргізушілер үшін төмен болады. Реттеуші органдар бұл шара жаңа жүргізушілер үшін сақтандыру жүйесіне кіруді жеңілдетіп, олардың қаржылық жүктемесін азайтады деп есептейді.