Коммуналдық төлемдегі артық ақша қайтарылады: қайта есептеу кімдерге жүргізіледі

Жарияланды
General News бөлімінің аға тілшісі
Фото: Shutterstock

Ақпан айында қазақстандықтар әлеуметтік желілерде коммуналдық қызметтер үшін төлемдердің күрт өскеніне шағымдана бастады. Ұлттық экономика министрлігі мұны ҚҚС мөлшерлемесінің өсуімен және ауа райымен байланыстырады. Алайда кей жағдайларда түбіртектегі сома қосылған құн салығының өсімінен әлдеқайда жоғары болған.

Журналистер осындай жағдайда билік қандай шара қолданатынын вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннен сұрап көрді.

«Біз, әрине, тарифтер көтерілмейді деп айттық. Жалпы, бүгінгі күні елде тарифтердің өсуі болып жатқан жоқ. Егер ондай жағдай орын алса, тарифтік реттеуші мәселені қарайды, шығындарыңыз өтеледі», — деді Жұманғарин.

Ол кейбір өңірлерде, әсіресе, Атырауда, коммуналдық қызмет ақысы ҚҚС өсімінен әлдеқайда көп көтерілгенін растады.

Айта кетейік, жақында астаналықтар тарифтер өсіп кеткенін әлеуметтік желіде жарыса жазған еді. Олар коммуналдық шығындар бір айда 10-20 мың теңгеге қымбаттап кеткенін айтқан.  Алайда Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов көп азаматтың шағымына қарамастан, елде коммуналдық тарифтер өскен жоқ деп сендірді.

Сондай-ақ оқыңыз