Қытай жаңа көліктер экспортын тоқтатты: енді Қазақстанға қай көліктерді әкелу тиімді

Қытай жаңа автокөліктерді экспорттауға тыйым салды. Енді шетелге тек кемінде алты ай тіркеуде тұрған көліктерді ғана шығаруға болады. Нарық бірден екінші деңгейлі (жүрілген) көліктер сегментіне ойысты. Cars Market импорттаушы компаниясының өкілі қандай модельдерді әкелу тиімді, ал қайсысынан бас тартқан дұрыс екенін түсіндірді.
Қауіп жоғары брендтер
Автодилер «қауіпті» деп баға соғысына төтеп бере алмаған, қазір банкротқа ұшыраған немесе соның алдында тұрған маркаларды атайды. Мысалы, Qoros 2025 жылдың желтоқсанында ресми түрде банкрот деп танылды. Сондай-ақ Skywell, Neta және Ora (GWM суббренді) компанияларында да қиындықтар бар.
Жеке тоқталатын жағдай – Nio. Компания шамамен 20 млрд доллар көлеміндегі қарызбен қайта құрылымдау кезеңінен өтіп жатыр. Брендтің басты ерекшелігі – ауыстырмалы аккумуляторлар және оларды жалға беру жүйесі. Алайда аккумуляторсыз көлік сатып алып, кейін батарея үшін көліктің өз құнына жуық сома төлеу қаупі бар.
Тиімсіз нұсқалар
Кейбір модельдер бағасын іс жүзінде жоғалтпайды. Олардың қатарында Toyota мен Lexus, сондай-ақ Land Rover бар. Мысалы, Toyota Alphard немесе Lexus LM бағасын шамалы ғана төмендетеді. Импорттаушының айтуынша, мұндай көліктерді Қытайдан емес, АҚШ-тан жеткізу әлдеқайда оңай әрі тиімді.
Бағасын тұрақты ұстап тұрған «қытайлықтар»
Xiaomi SU7 және Aito M9 сияқты модельдер бағасын жақсы сақтап отыр. Оларға айтарлықтай жеңілдік бола қоймайды, ал күмәнді түрде тым арзан баға ұсынылса, көлікті мұқият тексеру қажет.
Ең тиімді маркалар
Баға соғысының негізгі «жеңімпазы» – BYD. Мысалы, BYD Song Plus кроссовері 2–3 жыл ішінде Қытай нарығында құнының 50%-ына дейін жоғалтуы мүмкін. Ал BYD Dolphin сияқты электромобильдер шамамен 45%-ға арзандаған.
Сондай-ақ Geely, Changan және Haval модельдерінің бағасы айтарлықтай төмендеген. Тіпті рестайлингке дейінгі Tesla Model Y шамамен 35%-ға арзандаған.
Қазақстанда кеңінен танымал Li L9 және Li L8 модельдері де бағасының шамамен жартысынан айырылған.
Еске салайық, Қазақстан Қытай автокөліктерін импорттайтын топ-10 елдің қатарына енді. Өткен жылы жалпы 8,32 млн автокөлік экспортталған, оның 3,43 млн-ы электр және гибридтік көліктерге тиесілі.