
Премьер-министрдің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Конституция жобасының 21-бабына қатысты жазба жариялады.
21-бапта не жазылған
1. Жеке өмірге қол сұғылмау құқығына, жеке және отбасы құпиясының болу құқығына, цифрлық технологияларды қолдануды қоса алғанда, дербес деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығына заңмен кепілдік беріледі.
2. Банк операцияларының, жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта хабарламаларының және байланыс құралдары, оның ішінде цифрлық технологияларды қолдану арқылы берілетін өзге де хабарламалардың құпиясы заңмен қорғалады. Бұл құқықты шектеуге заңда белгіленген жағдайда және көзделген тәртіппен ғана жол беріледі.
3. Мемлекеттік органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әр адамға өз құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжатпен, шешiммен және ақпарат көзiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
«Заман талабына сай жаңартылды»
Аида Балаеваның айтуынша, қолданыстағы Конституцияның 18-бабында бұл құқықтың негізгі кепілдіктері бұрыннан бекітілген.
«Атап айтқанда, әркімнің жеке және отбасылық құпиясына, ар-намысы мен қадір-қасиетінің қорғалуына, банктік салымдарының, хат алмасуының, телефон арқылы сөйлесулерінің және өзге де хабарламаларының құпия сақталуына құқығы бар. Осы нормалар ұзақ жылдар бойы адамның негізгі жеке құқықтарының берік іргетасы болып келеді», – деді Балаева.
Айтуынша, цифрландыру дәуірінде жеке ақпараттың едәуір бөлігі цифрлық ортада сақталып, өңделеді. Бұл жаңа қауіп-қатерлердің де пайда болуына әкеледі.
«Жаңа Конституция жобасы заман талабына сай жаңартылып, бүгінгі күннің сын-қатерлеріне жауап береді. Жобаға енгізілген 21-бапта жеке деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан қорғау құқығы нақты бекітілген. Бұл норма цифрлық технологияларды қолдану жағдайларын да қамтиды. Сонымен бірге мұндай қорғаныс заңмен кепілдендірілетіні арнайы атап көрсетілген», – деп жазды Аида Балаева.
Жоба мәтінінде цифрлық технологиялар арқылы жүзеге асатын банктік операциялардың, хат алмасудың және өзге де хабарламалардың құпиясы қорғалатыны да нақты көрсетілген.
«Тағы бір маңызды жайт – үшінші тармақта «азамат» емес, «әр адам» деген ұғым қолданылған. Бұл құқықтық кепілдіктердің аясын кеңейтіп, олардың жан-жақты сипатын күшейтеді», – дейді ол.
Референдум 2026
Жаңа Конституция жобасын қабылдауға қатысты референдум 2026 жылдың 15 наурызында өтеді. Қазақстандықтар референдумда «Жобасы БАҚ-та 2026 жылдың 12 ақпанында жарияланған Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясын қабылдайсыз ба?» деген сұраққа жауап береді. Бюллетеньде екі жауап бар:
- «иә, қабылдаймын»;
- «жоқ, қабылдамаймын».
Референдум өткізуге жалпы 20,8 млрд теңгеге жуық қаражат бөлінген. Саяси науқан кезінде жалпы 10,4 мың сайлау учаскесі ашылады. Оның ішінде 60 шетелде 80 учаске ашу жоспарланған. Украина мен Эфиопияда дауыс беру учаскелері ашылмайды.