Жаңалықтар

Бес өңірде су тасқыны болуы мүмкін: үкімет басшысы арнайы тапсырма берді

Бектенов Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штабтың отырысын өткізді/фото: Үкімет

Үкімет мүшелері елдегі су тасқынына қатысты жағдайды талқылады. Премьер-министр Олжас Бектеновтің сөзінше, кез келген сценарийге дайын болуымыз керек. Әкімдер жұмысты күшейтіп, әсіресе, елдімекендердің маңында су тасқынына қарсы жоспарланған іс-шараларды сапалы жүзеге асыруы қажет. Бұл су басу қаупі бар барлық өңірге қатысты болып отыр.

«Бір апта ішінде әкімдіктер тәуекел деңгейі жоғары елдімекендерге барып, жағдайды зерделеп, қажетті шараларды қабылдауы керек», – деді Олжас Бектенов.

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев су тасқыны қаупі бар бес өңір – Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Абай облыстарында мұз қабатының қалыңдығы 4 см-ге дейін және топырақ тереңдігі 2 м-ге дейін қатуы байқалатынын хабарлады.

Экология министрлігі күнделікті гидрологиялық мониторинг пен ауа райы болжамын қамтамасыз етуге міндетті. Мемлекеттік органдар мен ұйымдар дауылды ескертулерді шұғыл жеткізіп отыруға тиіс.

Жасанды интеллект министрлігі Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, «Tasqyn» ақпараттық жүйесін пайдалануы керек. Әрбір әкім осы жүйеде тәуекелдерді модельдеу нәтижелеріне ерекше назар аударуға тиіс.

Су ресурстары министрлігі болжамды деректерді ескере отырып, су қоймаларын толтыру көлемін айқындайды және оларға тұрақты бақылауды қамтамасыз етеді. Қажет болған жағдайда алдын ала және қауіпсіз су жіберу шараларын қабылдайды. Сонымен қатар шекаралас мемлекеттермен бірлесіп, трансшекаралық су айдындарында су шығындары мен қауіптердің туындауы туралы тұрақты түрде өзара деректермен алмасуды ұйымдастыруы қажет.

Көлік министрлігі жолдардың, көпірлердің және су өткізу құбырларының жай-күйіне тәулік бойы мониторинг жүргізуді қамтамасыз етеді.

Ал өңір әкімдіктері су тасқынының алдын алу және оның салдарын жою үшін қажетті ресурстарды дайындайды. Елдімекендерден қарды алдын ала шығару керек. Бұл жұмыс тек қалаларда ғана емес, ауылдық елді мекендерде де жүргізілуге тиіс. Барлық су тасқыны қаупі бар елдімекендердің айналасын топырақ үйінділерімен және арнайы бөгендермен бекіту қажет. Тиісті азық-түлік, жанар-жағармай материалдары, дәрі-дәрмек қорын және басқа да тіршілікті қамтамасыз ету құралдарын, әсіресе, көлік қатынасы үзіліп қалуы мүмкін елдімекендерде қамтамасыз ету керек.

Айта кетейік, наурызда республика аумағында күн жылы болып, жауын-шашын мол жауады. Кей өңірде су тасқыны болуы мүмкін. Көктемде су тасқыны болуы мүмкін өңірлер қатарында Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан және Абай облысы тұр. Мұнда табиғи апат болу қаупі жоғары.

Орташа қауіп аймағына Қостанай, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Ұлытау, Павлодар, Түркістан, Алматы және Жетісу кірген. Сондай-ақ тізімге Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Жамбыл облыстары кірген. Бұл өңірде су тасқыны болу қаупі төмен.