Букмекерлік кеңселер ақша төлеуді уақытша тоқтатты

Қазақстандағы букмекерлік кеңселер ақша төлеуді уақытша тоқтатып қойды. Бірақ ақша салуға тыйым жоқ. Бұл туралы Kursiv.Media хабарлайды.
Мәселен, «NetBet (НэтБэт)» компаниясының Olimpbet букмекерлік кеңсесі 4 ақпанда кешке төлем уақытша тоқтағанын ескертті. Бірақ ақша салуға болады.
«Қазақстан заңнамасына енгізілген өзгерістерге байланысты, Ұлттық банктің арнайы нұсқауы шыққанға дейін, барлық букмекерлік кеңселер бойынша төлемдер уақытша тоқтатылды. Қазіргі уақытта шоттарды тек Kaspi қолданбасы арқылы толтыруға болады», – деп таратты Olimpbet.
Елдегі басқа да букмекерлік кеңселерден ақша шығару мүмкін болмай тұр. Олардың арасында 1xbet де бар. «UAK A» компаниясына тиесілі бұл сайт техникалық себептерге сүйенген.
Қазақстандағы басқа да букмекерлік кеңселерден ақша аудару тоқтап тұрғаны туралы мәліметтер түсіп жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 2025 жылғы қазанда Туризм және спорт министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігі ойын бизнесіне қатысты заңнаманы өзгерткен. Соған сәйкес, елдегі букмекерлік кеңселердің бәрі бірыңғай есеп жүйесіне көшуге тиіс. Үкімет сол арқылы ойыншы мен букмекерлік компаниясы арасындағы қаржы операцияларына бақылау орнатқысы келеді.
Қазақстанда жиырма шақты букмекерлік кеңсе тіркелген. Қаржы министрлігінің мәліметінше, 700 мыңға жуық азамат тұрақты түрде бәс тігеді.