Еуропада энергетикалық дағдарыс басталуы мүмкін

Жарияланды
газ
фото: shutterstock.com

Әлемдік газ нарығы тағы да дүрлігіс алдында. Еуропада энергетикалық дағдарыс басталуы мүмкін. Бұған басты себеп – табиғи газ қоры ең көп шоғырланған үш мемлекеттің соғыс қимылдары аумағында болуы немесе тікелей қатысып жатуы. 

Energy Institute жариялаған Statistical Review of World Energy деректеріне сәйкес, әлемдегі дәлелденген табиғи газ қорының 50%-дан астамы үш мемлекетке тиесілі. Олар – Ресей, Иран және Қатар. Дәл қазіргі кезде Ресей Украинамен, Иран Израиль, АҚШ-пен қақтығысып жатқаны белгілі және Ресей мен Иран соғыста газды қысым құралы ретінде қолдануға тырысуда. Ал Қатар соғыс қимылдары өтіп жатқан Таяу Шығыста орналасқандықтан, амалсыз газ өндірісі мен тасымалдауды тоқтатып, әлемді елеңдетіп отыр.

Газ державалары

Ресей әлемдегі дәлелденген табиғи газ қоры бойынша көшбасшы саналады. Ел аумағында 1300 трлн текше футтан (36,8 трлн текше метр) астам газ қоры бар. Бұл көрсеткіш оны жаһандық рейтингте бірінші орынға шығарады. Мұндай ауқымды ресурс Ресейге әлемдік газ нарығында ұзақ мерзімді стратегиялық артықшылық береді.

Екінші орында Иран тұр. Оның дәлелденген қоры 1133 трлн текше футты (32,1 трлн текше метр) құрайды. Қор көлемі өте жоғары болғанымен, елдің экспорттық мүмкіндігі көбіне геосаяси және санкциялық факторларға байланысты шектеліп отыр.

Үшінші орынды Қатар иеленеді. Бұл елде 871 трлн текше фут (24,7 трлн текше метр) газ қоры бар. Қоры жағынан Ресей мен Ираннан аздау болғанымен, санкция салынбаған Қатар сұйытылған табиғи газ экспортында әлемдегі жетекші елдердің бірі саналады.

Бұл елдер жалпы әлемдік нарыққа ұзақ мерзімді газ жеткізуші. Сондықтан кез-келген ауқымды жағдай, әсіресе, соғыс қимылдары бірден газ нарығына әсер етеді. Мысалы, 2022 жылы Ресейдің Украинаға соғыс ашқан тұста әлемдік газ нарығында, Еуропада энергетикалық дағдарыс басталды. Ал жақында Израил мен АҚШ-тың Иранға шабуылынан кейін, жағдай қайта күрделене түсті. Қазір Еурпопамен қатар ең ірі газ импорттаушы Қытай да соғысты тоқтатуды тілеп отыр.

Әлеуеті зор, бірақ санкциялық қысымға ұшыраған ел

Иран әлемдегі ең ірі газ кен орындарының бірі – South Pars кен орнын (Қатармен ортақ) игеріп отыр. Алайда елдің экспорттық мүмкіндіктерін толық пайдалана алмауда. Бұған халықаралық санкциялар, заманауи технологиялардың аздығы, ішкі газ тұтынудың жоғары болуы әсер еткен.

Аймақтағы әскери-саяси шиеленіс, әсіресе, Парсы шығанағындағы тұрақсыздық, энергетикалық жеткізілімдерге тікелей әсер етеді. Ормуз бұғазы арқылы әлемдік нарықтағы мұнайдың 20%-ы мен газдың 30%-ы тасымалданады. Ал бұл бұғаздың тетігі Иранның қолында. Reuters-тің жазуынша 150-ден астам мұнай танкері бұғаз маңында зәкірін тереңге тастап күтіп тұр. Ал бұл өз кезегінде бүкіл әлемді алаңдатып отыр. Сарапшылар логистикалық тізбек үзілсе, газ бағасы 600 доллардан асуы мүмкін деп отыр.

Тұрақты экспорттаушы, бірақ инфрақұрылымдық жағынан тәуекел басым

Қатар – әлемдегі ең ірі сұйытылған газ экспорттаушылардың бірі. Елдің негізгі өндірістік қуаттарын мемлекеттік QatarEnergy компаниясы басқарады.

Жақында Рас-Лаффан және Месайед индустриялық аймақтарындағы нысандарға жасалған дрон шабуылдары салдарынан сұйытылған өндірісі уақытша тоқтатылды. Энергетикалық инфрақұрылымға тиген соққылар әлемдік нарыққа бірден әсер етті. Еуропа мен Азияда газ бағасы күрт өсті. Сарапшылар бұл Иран үшін маңызды тетік деп отыр. Сондықтан Қатар аспаны таяу уақытта дроннан арылмауы мүмкін. Соғыс қимылы созылса, ірі газ тұтынушыларының өзі келіссөз үстелін талап ете бастайды.

Ресей және санкциялық факторлар

Ресей табиғи газ қоры бойынша әлемдік көшбасшы болып қала береді. Соңғы жылдары экспорт бағыттары өзгеріп, Еуропа нарығы қысқарып, Азия бағыты күшейді. Бұл ретте Ресей Еуропаға газ жеткізуді азайтып, қысым құралы ретінде пайдаланғысы келген. Сарапшылар Еуропалық газ нарығындағы Ресейдің қадамдарын «әскери әрекеттердің театры» деп атаған еді. 2022 жылы Украинаға әскери, Еуропаға газ соғысын ашып, еуропалық 5 бағыттың 2-ін ғана қалдырып, газ жеткізуді азайтты. Бірақ табысы көбейген. «Газпром» 2022 жылы газ сату, жеткізуден 55,5 млрд доллар табыс тапты. Бұл 2013 жылдан бері жаңармаған рекорд. Бірақ сол тұста Еуропаға АҚШ көмекке келіп, газ нарығындағы дүрлігісті басты. Одан бері ресейлік газды тұтынуды азайтқан Еуропа 2027 жылы мүлдем алмауға бекініп отыр. Оның орнын Норвегия, Алжир, Әзірбайжан, АҚШ, Араб түбегі елдері мен Африкадан алуға келісіп отырған. Сарапшылар Ресей үлкен нарықтан айырылып, ұтыла бастады деп отыр.

Екінші деңгейдегі ірі ойыншылар

Көшбасшылардан кейінгі орындарда:

  • Түрікменстан – 480 трлн текше фут
  • АҚШ – 445,6 трлн текше фут
  • Қытай – 296,6 трлн текше фут

АҚШ-тағы көгілдір отын өндірісінің дамуы елді ірі экспорттаушыға айналдырды. Қытайда газ қоры мол болғанымен, ішкі сұраныстың жоғары болуына байланысты импортқа тәуелді. Түрікменстан Орталық Азияның стратегиялық маңызын арттырып отыр.  Energy Institute дерегіне сәйкес, Қазақстан 16-орында тұр. Ұйым мәліметінше елімізде 80 трлн текше футтан астам сұйытылған газ қоры бар.

Еуропада қор азайып, импортқа тәуелділік артып отыр

Норвегия, Ұлыбритания және Нидерланды инфрақұрылымы дамыған елдер болғанымен, олардың дәлелденген қорлары біртіндеп азаюда.

Тізімде Украина (23-орын) және Румыния (46-орын) да бар. Алайда олардың қоры Таяу Шығыс пен Ресеймен салыстырғанда әлдеқайда төмен.

Еуропа бүгінде сұйытылған табиғи газ импорты бойынша АҚШ пен Катарға тәуелді. Биыл Еуропа елдері 185 млрд текше метр табиғи газ сатып алады деген болжам бар. Бұл жылдағы көлемнен көп. Мысалы, 2025 жылы ЕО елдері 175 млрд текше метр табиғи газ сатып алған.

Газ – геоэкономикалық құралға айналды

Әлемдік газ қорының жартысынан астамының үш елде шоғырлануы – жаһандық энергетикалық жүйенің осал тұсын айқын көрсетеді.

Кез келген санкция, әскери қақтығыс немесе инфрақұрылымға жасалған шабуыл әлемдік бағаға және жеткізілім тізбегіне бірден әсер етеді. Бұған Таяу Шығыстағы қақтығыс мысал.

Сондықтан табиғи газ XXI ғасырда тек энергия көзі ғана емес, сонымен қатар халықаралық саясаттағы стратегиялық ықпал құралына айналды.

Энергетикалық қауіпсіздік енді тек қор көлеміне емес, саяси тұрақтылыққа, тасымал жолдарының қауіпсіздігіне және инфрақұрылымның қорғалуына тәуелді болып отыр.

Еске сала кетсек, 28 ақпан Таяу Шығыстағы геосаяси жағдайлар ушыға түскеннен кейін Еуропаға газ тасымалы күрт азайып, «кәрі құрлықта» көгілдір отын бағасы бірден 28%, кейін тіпті 50%-ға дейін шарықтап кеткен еді.

Сондай-ақ оқыңыз