
Иранның әскери дрондары Әзербайжан жеріне құлағаннан кейін елдің бас прокуратурасы қылмыстық іс қозғады. Бұл туралы «АPА» ақпарат агенттігі хабарлады.
Бұған дейін Нахчыван қаласына Иран тарапынан екі ұшқышсыз аппараттан әуе соққысы жасалған. Дрондардың бірі әуежай терминалына, екіншісі Шекерабад ауылындағы мектеп ғимаратының жанына түскен. Салдарынан екі адам зардап шекті.
Содан кейін Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Иран елшісін шақырып, оған наразылық нотасын тапсырды.
Ал Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Карем Ғарибабади AnewZ редакциясына Тегеранның «көрші елдерге соққы жасамайтынын» мәлімдеген.
Айтуынша, Иран көрші елдерге шабуыл жасауды мақсат тұрпайды. Алайда бір ескеретін жайт бар.
«Егер өңірде Иранға шабуыл жасау үшін пайдаланылатын қандай да бір әскери база болса, біз сол нысандарға соққы жасаймыз. Бұл – біз жариялаған саясат. Мұны әу бастан-ақ мәлімдедік», – дейді министр орынбасары.
Айта кетейік, Сенат спикері Маулен Әшімбаев Қазақстандағы Иран елшілігіне барып, көңіл айтты. Маулен Әшімбаев мемлекет басшысы халықаралық жанжалдарды тек саяси-дипломатиялық жолмен, халықаралық құқық нормалары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы жарғысын қатаң сақтап шешу қажеттігін үнемі қолдайтынын атап өтті.
