
Экс-премьер Кәрім Мәсімов жазасын қай түрмеде өтеп жатқаны туралы сауалға ІІМ өкілі нақты жауап беруден бас тартты. Ол 2022 жылғы қаңтарда ұсталып, бір жылдан соң 18 жылға сотталған.
5 наурызда ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Астанада баспасөз брифингін өткізіп, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Тілшілердің бірі Кәрім Мәсімовтің нақты қай мекемеде жазасын өтеп жатқаны туралы сауал қойды.
«Қайда жазасын өтеп жатқанын оның адвокаттары мен туыстары біледі. Заңда көрсетілген тәртіппен жазасын өтеп жатыр», – дейді вице-министр.
Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бұрынғы басшысы Мәсімов төрт жыл бұрын Қаңтар оқиғасынан кейін ұсталып, 2023 жылғы сәуірде 18 жылға сотталған. Сот оны «мемлекетке опасыздық жасады», «билікті күшпен басып алуға талпынды», «қызмет бабын асыра пайдаланды» деп таныды. Оның мүлкі тәркіленді. Мәселен, жақында Мәсімовке тиесілі самурай қылышы аукционда жеті есе қымбат бағаға сатылған.
2025 жылғы жазда ІІМ саясаткердің Астанадағы тергеу изоляторынан көшірілгенін растаған. Алайда құзырлы органдар Мәсімовтің нақтай қай түрмеде жазасын өтеп жатқанын айтпай отыр.