Жаңалықтар

Министр шу болған жекеменшік мектептердің мәселесі шешілгенін мәлімдеді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова желідегі парақшасында жекеменшік мектептер үшін жағымды жаңалықты хабарлады.

Министрдің айтуынша, Оқу-ағарту министрлігінде жекеменшік мектептерде мемлекеттік тапсырысты орналастырудың бірлескен бұйрығына қол қойылған. Бұл бұйрық барлық 20 өңірдің әкімдіктерімен келісілген. Сондай-ақ ол Қаржы министрі мен Оқу-ағарту министрінің бірлескен бұйрығы саналады.

«Бүгіннен бастап бұйрықты бүкіл 20 әкімдік өздеріне тіркей бастайды. Қаржы жергілікті атқарушы органның ақшасы. Олар қаржысын Қаржы орталығына аударады. Қаржы орталығы жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырысты орналастыруда оператор саналады», дейді ол.

Сүлейменова Оқу-ағарту министрлігі өз тарапынан барлық нормативті әрі ұйымдастырушылық жұмыстарды толық атқарғанын атап өтті.

«Сондықтан бүгінгі таңда бұған байланысты шешілмеген түйткілді мәселе жоқтың қасы. Бұйрыққа қол қойылды», – дейді ол.

Бұған дейін Жұлдыз Сүлейменова енді мемлекеттік және жекеменшік мектептер үшін талап бірдей болатынын хабарлаған.