
Елдегі барлық мектепте ерекше педагогикалық назарды қажет ететін оқушыларға жеке педагогикалық сүйемелдеу енгізіледі. Бұл жөнінде Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, аталмыш жүйе тәуекел тобындағы балаларды ерте анықтап, оларға нақты психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуге бағытталған.
«Жаңашылдық 2025 жылғы 30 желтоқсанда Мемлекет басшысы қол қойған «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында көзделген. Норма 2026 жылғы 2 наурыздан бастап күшіне енді. Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі педагогикалық сүйемелдеу қағидаларын бекіту бағытында жұмыс жүргізуде», – делінген хабарламада.
Қалай жүзеге асады
Жеке педагогикалық сүйемелдеу мектептің профилактика кеңесінің шешімімен тағайындалады. Әр бала үшін жеке жоспар әзірленіп, жауапты мамандар бекітіледі.
Қандай оқушылар қамтылады
Ерекше назарды қажет ететіндер қатарына сабақты жиі қалдыратын, оқуында қиындық бар, құқық бұзушылық жасаған, зорлық-зомбылыққа ұшыраған немесе өмірдің қиын жағдайына тап болған оқушылар жатады.
Мектеп психологтары мен педагогтар балалармен жеке жұмыс жүргізеді, ата-аналармен байланыс орнатады. Қажет болған жағдайда әлеуметтік қызметтер де тартылады.
Министрлік бұл жүйенің мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алып, балаларға дер кезінде қолдау көрсету екенін жазады.
Бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова желідегі парақшасында жекеменшік мектептер үшін сүйінші жаңалықты хабарлаған.