
Петропавл сотында бұрынғы судьяларға сот үкімі шықты. Сотталғандар арасында Солтүстік Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бұрынғы төрағасы Бекбол Баймаханов пен Петропавл қаласы №2 сотының бұрынғы төрағасы Ерлан Ибраев бар. Олармен бірге алматылық заңгер Артем Иванов пен өңірге танымал екі кәсіпкер де сотталды.
Тергеу жерге қатысты істен кейін басталғаны айтылды.
Сот кабинетіндегі ақпаратқа сәйкес, Бекбол Баймаханов қылмыстық кодекстің 24-бабы 3-бөлігі – 190-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (алаяқтық жасауға оқталу), 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағында (алаяқтық) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, түпкілікті 8 жылға сотталды. Экс-судьядан мемлекет пайдасына 1,2 млн теңге өндіріледі.
Іс барысында экс-судья Бекбол Баймахановтың кабинетінен 15 мың АҚШ доллары (7,4 млн теңге) және 466 мың теңге табылған. Ол қаражат мемлекет пайдасына беріледі.
Ал Ерлан Ибраев қылмыстық кодекстің 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағында (алаяқтық) көрсетілген қылмысты жасағаны үшін 6 жылға сотталды. Мемлекет пайдасына 2,2 млн теңге өндіріледі.
Ал Артем Иванов 6 жылға, Гамлет Мелконян 4 жылға, Геворг Погосян 3,5 жылға сотталды.
Halyqstan Telegram каналындағы ақпаратқа сәйкес судья оң шешім шығару үшін 50 мың доллар алмақ болған. Ал кабинетінен табылған 15 мың доллар – соның бір бөлігі.