Маулен Әшімбаев президенттің атынан Иран халқына көңіл айтты

Қазақстан Президентінің тапсырмасымен Маулен Әшімбаев Қазақстандағы Иран елшілігіне барып, көңіл айту рәсіміне қатысты.
Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атынан Иран халқына, сондай-ақ қайғылы оқиға салдарынан қаза тапқандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтты.
Кездесу барысында Қазақстандағы Иранның Төтенше және Өкілетті Елшісі Али Акбар Джоукармен әңгіме өтті. Онда Қазақстан тарапы Иранда болған қайғылы жағдайды үлкен күйзеліспен қабылдағанын жеткізді.
Апат салдарынан Иранның жоғарғы рухани көшбасшысы аятолла Сейед Али Хаменеи, ел басшылығының өкілдері мен бейбіт тұрғындар, оның ішінде балалар да қаза тапқаны айтылды.
Маулен Әшімбаев Мемлекет басшысы халықаралық жанжалдарды тек саяси-дипломатиялық жолмен, халықаралық құқық нормалары мен Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысын қатаң сақтай отырып шешу қажеттігін үнемі қолдайтынын атап өтті.
Сондай-ақ Сенат төрағасы Иран Қазақстан үшін жақын көрші әрі маңызды серіктес екенін айтып, еліміздің қақтығысты бейбіт жолмен реттеуге ықпал етуге дайын екенін жеткізді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Иранда Сейед Али Хаменеидің жерлеу рәсімі кейінге шегірілгені туралы жазған едік.