
Непалда өтіп жатқан парламенттік сайлауда 35 жастағы Балендра Шах басты фавориттердің біріне айналды. Ол бұған дейін рэп орындаушысы ретінде танымал болса, соңғы жылдары елдегі ең ықпалды жас саясаткерлердің қатарына қосылған.
Балендра Шах сайлаушыларға жақсы таныс. Ол бұған дейін елдің астанасы Катманду қаласының мэрі қызметін атқарып, өткен жылғы жаппай наразылықтарға қатысқан жас белсенділердің үлкен қолдауына ие болған еді. Оның небәрі үш жыл бұрын құрылған партиясы өз сайлауалды науқанын жемқорлықпен күрес пен экономикалық реформаларға негіздеп отыр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Непал президенті Рамчандра Паудель парламентті таратып, жаңа сайлауды 2026 жылдың 5 наурызына белгілеген болатын. Бұл шешім премьер-министр К.П. Шарма Олидің отставкаға кетуіне себеп болған бір апталық жаппай наразылықтардан кейін қабылданды.