Шымкентте 4 адамның мәйіті табылған үй газдан ажыратылды

Жарияланды
үйге газ орнату
Шымкентте 4 адамның мәйіті табылған үй газдан ажыратылды / фото: shutterstock

Шымкентте 4 адамның мәйіті табылған көпқабатты тұрғын үй толық газдан ажыратылды. Бұл туралы бүгін тұрғындар хабарлады.

Олардың сөзінше, газ иісі дерлік бір жылдан бері шығып тұрған. Пәтер иелері тиісті мекемелерге бірнеше рет шағымданған. Десе де ақауды жөндеуге ешкім құлық танытпаған көрінеді. 2 күн бұрын үш бірдей пәтерден газден уланып, қайтыс болған 4 адамның денесі табылғаннан кейін мамандар газ беруді тоқтатып тастаған.

Жалпы көпқабатты тұрғын үйде 50 пәтер бар. Тұрғындардың барлығы газды пайдаланады. Оған қоса газ арқылы автономды жылу жүйесін қосқандар бар.

«Отбасында 8 адамбыз. 3 күн болды. Жылу да жоқ, ыстық су да жоқ. Шәй қойып, ыстық тамақ та дайындай алмай отырмыз. Күн суық. Үйдің ішінде сырт киіммен жүрміз. Балалардың бәрі ауырып жатыр. Бір адам келіп не істеп жатырсыңдар деген жоқ. Келді дегазды өшірді, мөр басып тастады», – дейді үй тұрғыны Жанысбай Есіркепов.

Тұрғындар ақауды анықтап, жөндеп, газды қайта қосуын сұрайды.

«QazaqGaz Aimaq» АҚ Шымкент өндірістік филиалы қайғылы оқиғаға қатысты хабар таратты. Оқиға туралы ақпарат түскеннен мекеменің апат бригадасы көрсетілген мекен-жайға барған.

«Алдын ала болжам бойынша, қайғылы жайтқа 2009, 2006, 2002 және 1994 жылдары туған төрт адамның газдан иістенуі себеп болған. Зерттеу барысында апат бригадасы уланудың ықтимал негізгі себебі тиісті рұқсатсыз өз бетінше орнатылған су жылытқыштың мұржасында тартымның болмауы екенін алдын ала анықтады. Желдету арнасы қарастырылмаған. Үй ішіндегі газ жабдықтарына техникалық қызмет көрсету туралы шарт, сондай-ақ түтін және желдету арналарына тексеру жүргізу актісі ұсынылмады», – делінген ресми хабарламада.

Жазатайым оқиғаға қатысты сот-медициналық сараптама тағайындалған.

Кеше 3 пәтерден табылған 4 адамды туыстары жер қойнына тапсырған. Полиция қылмыстық іс қозғап, тергеу бастаған еді. Қайғылы оқиға 5 қабатты тұрғын үйде болған. 4 қабаттағы екі пәтерден үш адамның мәйіті шыққан. Үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде студент қыз қайтыс болған. Қайтыс болғандардың үлкені – 32 жаста, кішісі 17 жаста. 32 жастағы келіншектің артында 3 баласы қалған.

Сондай-ақ оқыңыз