Жаңалықтар

СІМ: Таяу Шығыс елдерінен 2 463 қазақстандық эвакуацияланды

самолет ұшақ
СІМ: Таяу Шығыс елдерінен 2 463 қазақстандық эвакуацияланды / Фото: IATA

5 наурызда Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы қақтығыс аймағынан отандастарымызды эвакуациялау бойынша соңғы мәліметтерді жариялады.

«Бүгінгі таңда Таяу Шығыс елдерінің аумағынан Қазақстан Республикасының 2 463 азаматы эвакуацияланды», — деп хабарлады ҚР СІМ баспасөз қызметі.

Айта кетейік, бұған дейін 3 наурыздан бастап Таяу Шығыстан елге 2 111 қазақстандықтың оралғаны хабарланған болатын.

Эвакуация қалай жүріп жатыр?

Отандастарымызды елге қайтару үшін бірнеше бағыт бойынша арнайы рейстер ұйымдастырылды:

  • Атырауға Медина қаласынан (Сауд Арабиясы) қазақстандықтар тиелген чартерлік рейс ұшып келді.
  • Жидда мен Дубай қалаларынан да азаматтар арнайы рейстермен жеткізілуде.
  • Кеше ғана Маскаттан Алматыға репатриациялық рейспен 314 адам әкелінді.
  • Бұдан бөлек, тағы 180 қазақстандық отанына оралды.
  • Сондай-ақ Шарджадан Алматыға эвакуациялық рейспен 167 қазақстандық ұшып келді.

Министрлік азаматтарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстары жалғасып жатқанын алға тартты.