Жаңалықтар

Соғыс картасы: қазір әлемнің елу шақты елінде әскери қақтығыс жүріп жатыр

Әлемде соғыс жүріп жатқан елдер Иран Украина Газа Израиль
Әлемде қақтығыс көбейіп, бейбіт ел азайып барады / коллаж: Kursiv.Media, Reuters, Shutterstock

Таяу Шығыстағы дағдарыс 2026 жылғы наурыз айының басында әлемде әскери қақтығысқа тартылған елдер санын едәуір арттырды. Соғысқа тікелей араласқан немесе соған амалсыз тартылған елу шақты ел бар.

Алты ірі соғыс

Қазір әлемде алты ірі соғыс жүріп жатыр. Оған Украина мен Ресей жанжалын, Иранға қарсы әскери операцияны, Израиль мен Палестина дауын, сонымен бірге тағы бірнеше ірі азаматтық соғысты жатқызуға болады.

Ресей – Украина

2022 жылғы 24 ақпанда басталған соғысқа биыл төрт жыл толды. Көрші елдер арасындағы кескілескен ұрыстан жүздеген мың адам қаза тапты. Бейбіт келіссөздер жүріп жатқанымен, атыс қашан тоқтайтыны әзірге белгісіз.

Украин жауынгерлері
Отқа жылынып отырған украин жауынгерлері / фото: REUTERS/Sofiia Gatilova

Иранға қарсы әскери операция

2026 жылғы 28 ақпанда АҚШ пен Израиль күштері Тегеран мен басқа да қалаларға, маңызды стратегиялық нысандарға соққы жасады. Иранның жоғары көсемі аятолла Әли Хаменеи мен тағы бірнеше қолбасшы қаза тапты. Тегеран сол күні-ақ Таяу Шығыс елдеріндегі америкалық базалар мен басқа да стратегиялық маңызды нысандарды, Израильді атқылады.

Израильдің Бейт-Шемеш қаласы Иран соққысынан зардап шекті
Израильдің Бейт-Шемеш қаласы Иран соққысынан зардап шекті, 2026 жыл 1 наурыз / фото: REUTERS_Ammar Awad

Иран зымырандары мен дрондарынан Израиль, АҚШ, Ливан, Йемен, Ирак, БАӘ, Сауд Арабиясы, Кувейт, Бахрейн, Иордания, Оман, Кипр, сонымен бірге Түркия мен Әзербайжан зардап шекті.

Бес күннің ішінде-ақ бір ғана Иранның өзінде 1 мыңнан астам адам қаза тапты.

Израиль – Палестина

Газа секторындағы ХАМАС ұйымы мен Израиль арасындағы ауқымды әскери қақтығыстар аяқталғанымен, жанжал түпкілікті реттелген жоқ. Тараптар «соғыс аяқталды» деп мәлімдегеніне қарамастан, аймақтағы жағдай шиеленісіп тұр. Себебі тамыры тереңде жатқан Израиль-Палестина жанжалы саяси тұрғыда шешілген жоқ.

Мыңдаған адам Газа секторынан кетіп жатыр / фото: REUTERS/Mahmoud Issa
Мыңдаған адам Газа секторынан көшуге мәжбүр болды / фото: REUTERS/Mahmoud Issa

Азаматтық соғыстар

Суданда 2023 жылғы 15 сәуірден бері Үшінші азаматтық соғыс жүріп жатыр. Екі ықпалды генерал арасындағы әскери қақтығыс ауқымды гуманитарлық дағдарысқа ұласты.

Мьянмада 2021 жылы басталған азаматтық соғыс та әлі аяқталған жоқ. Бес жыл бұрын төңкеріс барысында билікке келген әскерилер ықпалы біртіндеп азайып келеді. Азамат соғысынан ондаған мың адам қаза тапқан.

Айтарлықтай үлкен соғыстар

Бұдан бөлек әлемде қазір тағы жиыр шақты айтарлықтай үлкен соғыс жүріп жатыр. Олардың ең ірілері:

  • Йемен;
  • Сомали;
  • Сирия;
  • Гаити;
  • Конго Демократиялық Республикасы;
  • Нигерия;
  • Мали, Буркина-Фасо, Нигер;
  • Ауғанстан–Пәкістан шекарасындағы қақтығыстар;
  • Эквадор.
Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қару ұстаған тәліп
Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қару асынған тәліп / фото: REUTERS_Stringer

Шағын соғыстар

Сонымен бірге әлемнің тағы отызға жуық елінде шиеленіскен жағдай қалыптасты. Олардың ең ауқымдылары:

  • Эфиопия-Эритрея шиеленісі;
  • Венесуэла (үкімет пен оппозиция, бұған қоса АҚШ-тың әскери қысымы);
  • Мексика (картелдер мен үкімет арасында);
  • Колумбия (азаматтық соғыс);
  • Ливия (2011 жылы Муаммар Каддафи қазасынан кейін ел екіге бөлінді);
  • Оңтүстік Судан, Чад, Орталық Африка Республикасы және басқа да елдердегі қақтығыстар.

Бұлардан басқа әлемде әлі шешілмеген ірі саяси мәселелер көп.

Үшінші дүниежүзілік соғыс

Қызыл Крест ұйымы 2024-2025 жылдары әлемде шамамен 120-130 әскери қақтығыс тіркелгенен жариялаған. 2026 жылы олардың саны айтарлықтай артуы мүмкін.

Салыстырар болсақ, Бірінші дүниежүзілік соғысқа 30, ал Екінші дүниежүзілік соғыста 70-80 ел қатысқан. Кейінгі жылдары әлемде әскери қақтығыстар көп болғанымен, Үшінші дүниежүзілік соғыс басталды деуге негіз жоқ. Бірақ сарапшылар әлем соғысқа өте жақын тұрғанын қайта-қайта ескертіп жүр.