
13 наурызда Кинопоиск платформасында режиссер Қанат Бейсекеев түсірген көптен күткен «Тазы» деректі фильмінің тұсаукесері өтеді. Бұл туралы режиссер өзінің Instagram парақшасында хабарлады.
Фильм қазақтың бірегей аңшы иті – тазы тұқымын сақтап қалуға өмірін арнаған адамның тағдыры мен дүниетанымын көрсетеді.
Фильмнің басты кейіпкері – Рашид есімді азамат. Ұзақ жылдар бойы тазы тұқымын жүйелі түрде дамытып, тазалығын сақтауға күш салып келе жатқан жанашырлардың бірі. Рашид үшін тазы баптау – оның өмір салтына айналған, әрі ұлттық мұраны болашақ ұрпаққа жеткізу жолындағы жеке жауапкершілігі.
Деректі фильмде тазы тек аңшылыққа пайдаланылатын ит ретінде ғана емес, қазақ халқының дәстүрі мен тарихымен тығыз байланысты мәдени символ ретінде де таныстырылады. Көшпенділер өмірінде ерекше орын алған бұл тұқым қазақтың аңшылық мәдениеті мен табиғатпен етене байланысын айқын көрсетеді.
Деректі фильмді 13 наурыздан бастап Кинопоиск платформасынан көруге болады.