
Микробтар астероид сынықтарымен бірге Күн жүйесінде таралуы мүмкін. Мұны Джонс Хопкинс университеті ғалымдары анықтаған.
New-science ақпаратына қарағанда, жүргізілген тәжірибе кейбір микроорганизмдердің астероид ғаламшарға соғылған кезде пайда болатын аса қатты қысымға төтеп бере алатынын көрсетті. Бұл тіршіліктің ғарыштағы тас сынықтары арқылы бір планетадан екіншісіне таралуы мүмкін деген гипотезаны қолдайды.
Ғалымдар зертханада ірі астероид Марс бетіне құлаған кездегі жағдайды модельдеп, ғарышқа лақтырылу кезінде пайда болатын қысымға тірі организмдердің шыдай алатынын тексерген. Бұл құбылыс ғылымда Литопанспермия деп аталады.
Тәжірибеде радиацияға, суыққа және құрғақтыққа өте төзімді Deinococcus radiodurans бактериясы қолданылды. Арнайы сынақта бактериялар 1–3 гигапаскаль қысымға ұшыраған. Соған қарамастан олардың басым бөлігі тіршілігін сақтап қалған.
Ғалымдардың айтуынша, бұл деректер кейбір микробтардың ғарыштық соққыдан аман қалып, басқа ғаламшарларға таралуы мүмкін екенін көрсетеді.
Айта кететін жайт, НАСА ұзақ ғарыштық сапарларға арналған тағам әзірлей бастады.