Жамбыл облысында 10 заңсыз нысан сүрілді

Тараз қаласы мен облыс аудандарында құрылыс саласындағы заңбұзушылықтарды анықтау және жою жұмыстары жалғасуда. Бірқатар жағдайларда заңнама талаптарын бұза отырып салынған нысандарды мәжбүрлі түрде бұзу (демонтаж) шаралары қолданылып жатыр.
Жамбыл облысы әкімдігінің мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының мәліметінше, 2025 жылы жүргізілген тексерулердің қорытындысы бойынша өңірде 10 нысан сүрілген. Олардың басым бөлігі — сегіз ғимарат Тараз қаласында орналасқан. Сондай-ақ, Жуалы және Талас аудандарында бір-бір нысаннан демонтаждалды.
Жыл бойы атқарылған жұмыстардың нәтижесі:
- Басқарма мамандары өңірдегі құрылыс алаңдарына 237 жоспардан тыс тексеру жүргізді.
- Анықталған кемшіліктерді жою туралы 160 нұсқама берілді.
- Құрылыс нысандарын сүру туралы сотқа 4 талап арыз жолданды. Оның біреуі бойынша шешім заңды күшіне енсе, қалған үшеуі (бәрі де Тараз қаласындағы нысандар) қазіргі уақытта сотта қаралып жатыр.
Бұдан бөлек, ведомство мамандары құрылыс нысандарына 150 профилактикалық мониторинг жүргізді. Мониторинг қорытындысы бойынша құрылысқа қатысушыларға — тапсырыс берушілерге, мердігерлерге, сондай-ақ техникалық және авторлық қадағалау өкілдеріне заңбұзушылықтарды жою туралы ескертулер берілді.