
Сенат кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов Ақмола облысының Жібек жолы ауылында болған қылмысқа қатысты түсініктеме берді.
«Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Бұл – аса ауыр санаттағы қылмыс, яғни адам өлтіру дерегі. Қазіргі уақытта күдікті қамауға алынды. Тергеу амалдары жалғасып жатыр», – деді Әділов.
Әділов күдіктінің бұрын сотталғанын да растады.
«Күдікті бұрын сотталған. Қазіргі уақытта ол қамауға алынды. Тергеу әрекеттері толық аяқталған соң, олардың нәтижелері бойынша Ақмола облысы полиция департаментіне қосымша ақпарат ұсынылады», – деді Әділов.
Еске салайық, бұған дейін әлеуметтік желілерде Жібек жолы ауылында ер адамның өзінің ата-анасы мен қарындасын өлтіргені туралы ақпарат тараған. Кейін полиция күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді.