Жаңалықтар

Сенат Жоғарғы Соттың үш судьясын отставкаға жіберді

Жоғарғы сот
Фото: kursiv.media архиві

Сенат Жоғарғы соттың бірқатар судьяларын қызметінен босатты. Отырыста Жоғары Сот кеңесінің төрағасы Дмитрий Малахов Мемлекет басшысының аталған судьяларды қызметінен босату туралы ұсынысын Сенат қарауына енгізді.

Президенттің ұсынысы бойынша Сенат депутаттары ҚР Жоғарғы сотының судьялары Асқаржан Қапезұлы Кенжеғаринді, Ғазиза Шамшидинқызы Мұсабекованы және Бейбіт Бекмұхамбетұлы Шермұхаметовты қызметтерінен босатуға дауыс берді.

Бүгінге дейін Жоғарғы соттың судьясы болған Асқаржан Кенжеғарин Астана қаласы сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы қызметін 8 жылдан астам уақыт атқарған.

Ғазиза Мұсабекова Жамбыл облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарған және 10 жылдан астам уақыттан бері Жоғарғы соттың судьясы қызметін атқарып келеді.

Жоғарғы соттың тағы бір судьясы Бейбіт Бекмұхаметұлы Шермұхаметов зейнет жасына жетті. Ол шамамен 26 жыл судья болып еңбек еткен, оның ішінде 19 жылдан астам уақыт Жоғарғы соттың судьясы қызметін атқарған.

«Барлық судьялар мінсіз беделге ие, судьялар қауымдастығында лайықты құрметке ие. Осыған байланысты сіздерден мемлекет басшысының Жоғарғы сот судьялары Кенжеғарин мен Мұсабекованы отставкаға шығуына байланысты, ал Шермұхаметовты зейнет жасына жетуіне байланысты қызметтен босату туралы ұсынысын қолдауды сұраймыз», – деді Дмитрий Малахов.

Аталған мәселе бұған дейін Сенаттың тиісті комитетінде алдын ала қаралған болатын.
Сенаторлар президенттің ұсынысын қолдады.