«4 жыл дәретхана жудым»: журналист Жанар Байсеміз өміріндегі қиын кезеңді еске алды

Жарияланды 6 Наурыз 2026 16:30

Рауан Мутаир

Рауан Мутаир

General News бөлімінің тілшісі rauan.mutairov01@gmail.com
фото: скрин

Белгілі журналист Жанар Байсеміз өзінің өміріндегі ең қиын кезеңдердің бірі туралы айтып берді. Оның сөзінше, жоқшылық жылдары бірнеше жыл бойы қарапайым жұмыс істеуге тура келген. Журналист бұл туралы Аман Тасығанға берген сұхбатында айтты.

Жанар Байсеміздің айтуынша, 1997 жылы жоғары оқу орнына сырттай бөлімге оқуға түскен. Кейін іштей бөлімге ауысуға мүмкіндік болғанымен, отбасылық жағдайға байланысты жұмыс істеуді таңдаған.

«1997 жылы сырттай оқуға түстім. Іштей бөлімге ауысуға мүмкіндік болды. Бірақ сол кезде жұмысқа тұрдым. Жұқпалы аурулар балалар емханасына жұмысқа орналастым. Кейін анам «іштей оқуға ауыспай қоясың ба?» деп сұрады. Бірақ мен үйдің үлкені едім, артымнан ерген үш бауырымды жеткізуім керек болды», – деді журналист.

Сол жылдары төрт жыл бойы ауруханада тазалықшы болып еңбек еткенін жасырмады.

«Сөйтіп 4 жыл бойы еден жудым, дәретхана жудым. Ол кезде айына 4 мың теңге айлық алатынмын», – деп еске алды Байсеміз.

Кейін журналистің өмірінде жаңа кезең басталған. Сол уақытта жаңадан ашылған «Оңтүстік астана» телеарнасы оны жұмысқа шақырған.

«Сөйтіп «Оңтүстік астана» деген жаңа арна ашылған еді. Сол жаққа шақырды. Ауруханадағы тұрақты жұмысымды тастап, тәуекел етіп, арнаға бардым», – деді ол.

Сондай-ақ оқыңыз