Әзербайжан ядролық қару қолдану қаупінен сақтана бастады

Әзербайжан елінде ядролық қару қаупі жағдайында халықты ақпараттандыру тәртібін пысықтап жатыр.
Report агенттігінің хабарлауынша, тиісті қаулыға премьер-министр Али Асадов қол қойған.
Осылайша, Әзербайжанда «Ядролық және басқа да жаппай қырып-жою қаруын қолдану қаупіне байланысты алдын алу және қауіпсіздік шаралары туралы халықты ағарту және ақпараттандыру тәртібі» бекітілді.
Айта кететін жайт, Әзербайжанмен көршілес Иранға АҚШ пен Израиль соққы беріп жатыр. Иран Таяу Шығыстағы бірқатар араб елдерінде орналасқан АҚШ әскери базалары мен Израильге қарымта соққы беріп жатыр. Таяу Шығыстағы соғыстың жалыны Түркиядан Шри-Ланкаға дейін шарпыды.
Сонымен қатар, Әзербайжанға ирандық дрондардың шабуыл жасағаны белгілі болды. Бұл оқиғадан соң Баку Ираннан дипломатиялық қызметкерлерін шығарды.