Айда адам өмір сүре алатын мекен табылды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Бұл – миллиардтаған жыл бұрын пайда болған лавалық туннель / фото: ЖИ
Бұл – миллиардтаған жыл бұрын пайда болған лавалық туннель / фото: ЖИ

Айда адам өмір сүре алатын мекен табылды. Мұның Lunar Reconnaissance Orbiter аппаратының радары анықтады.

Правда мәліметіне қарағанда, оның деректері көрсеткендей, тереңдігі шамамен 100 метр, ені 45 метр, ұзындығы шамамен 77 метр болатын үңгір анықталған. Бұл орын Тыныштық теңізі аймағында табылған.

Ғалымдардың айтуынша, бұл – миллиардтаған жыл бұрын пайда болған лавалық туннель. Ол радиациядан, микрометеориттерден және температураның күрт өзгерісінен таптырмас табиғи қорғаныс бола алады. Қалың реголит қабатының астында жағдай тұрақты. Сондықтан мұндай үңгірлер болашақта Ай базаларын орналастыруға қолайлы орын саналады.

Алайда зерттеушілердің алдында бірқатар инженерлік қиындық шығып отыр. Олар – 100 метр тереңдікке түсу, үңгір қабырғаларының тұрақтылығын тексеру және ресурстарды анықтау. Бұл жаңалық Айды игеруге арналған жаңа технологияларды дамытуға серпін бермек.

Зерттеуге Италия ғалымдары, Capella Space және Джонс Хопкинс университеті мамандары қатысқан. Олар 2010 жылғы суреттерді өңдеп, радар арқылы лавалық туннельді анықтаған.

Ғалымдар болашақта роботтар арқылы лавалық туннельдерді зерттеп, реголиттен 3D-басып шығару технологиясы арқылы Айда тікелей құрылыс жүргізуге болады деп есептейді.

Мұның алдында ғалымдар тіршіліктің астероид арқылы бір ғаламшардан екіншісіне таралуы мүмкін екенін анықтаған еді.

Сондай-ақ оқыңыз