Алматыдағы Interfood иесі қарызға батып, супермаркетті сатылымға шығарды

Жарияланды
​​General news бөлімінің редакторы
Фото: Yandex.kz

Halyk Bank Алматыдағы Interfood супермаркетін сатылымға шығарды. Бастапқы құны 2,3 млрд теңге деп көрсетілген. Жылжымайтын мүліктің сатылатыны туралы Dmas порталында жарияланған.

Нысан Медеу ауданындағы, Гоголь көшесінде орналасқан. Сауда 18 наурызда өтуі керек. Коммерциялық мүліктің аумағы – 2,5 мың шаршы метр, 1986 жылы салынған.

Interfood-тың иесі кім?

Interfood супермаркеттер желісі Құлмахановтар отбасына тиесілі. Forbes дерегіне сүйенсек, Шаблай Құлмаханов – White Tower бизнес орталығының иесі. Оның жұбайы Шолпан Құлмаханова «Interfood» супермаркеттер желісін басқарған «Interfood» бірлескен қазақстан-герман кәсіпорнының құрылтайшысы болған. Осы компания арқылы отбасы Алматыдағы City Plus және City Center сауда-ойын-сауық орталықтарына иелік еткен. Сонымен қатар, Grand Asia A және Grand Asia B бизнес орталықтары да меншігінде болды.

Былтыр елдегі іскерлік БАҚ Құлмахановтар отбасының үлкен қарызы туралы жазған. 2019 жылдың ортасынан бері Interfood компаниясының банктік шоттары, мүлкі мен көліктері бірнеше рет бұғатталды.

2025 жылғы қарашадағы есеп бойынша, қарыз – 5,5 млрд теңге. Оның басым бөлігі банк алдындағы борыш. Halyk Bank алдындағы берешекке байланысты да Гоголь көшесінде орналасқан Interfood супермаркеті сатылымға шығарылған.

Бұған дейін Құлмахановтарға тиесілі City Center орталығы да саудаға қойылған. Төле би көшесінің бойындағы нысан 5,4 млрд теңге деп бағаланған.

Сондай-ақ оқыңыз