Бурдж-Халифа авторы Алатау қаласындағы ең биік ғимарат кескінін көрсетті

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Алатау қаласындағы ең биік ғимарат - Alatau Iconic Complex and Gateway District кескіні
Аспанмен таласқан биік ғимарат кескіні / фото: som.com

Қазақстандағы ең биік екінші ғимарат Алатау қаласында салынады. Skidmore, Owings & Merrill (SOM) компаниясы таумен таласқан кешен кескінін таныстырды. Ол Дубайдағы әйгілі Бурдж-Халифа ғимаратын дайындаған.

Қос мұнара

Алматы облысындағы жаңа қаладағы «Алатау» кешені (Iconic Complex and Gateway District) шаһардың экономикалық және әкімшілік орталығына айналуы тиіс.

Ауқымды кешен ауданы – шамамен 277 шаршы метр. Ғимарат екі биік мұнарадан тұрады. Солардың ең үлкенінің биіктігі – 272 метр. Ол Қазақстандағы ең биік екінші ғимаратқа айналмақ. Әзірге бұл рекордты Астана қаласындағы «Абу-Даби Плаза» ұстап тұр (311 метр).

Сәулетшілер оның сәулетін дайындау барысында Алатаудың аспанмен таласқан биік шыңдарынан шабыт алған.

Люкс пен бренд

«Алатау» кешенінде кеңселер, тұрғын үйлер, қонақүйлер, сауда және мәдениет орталықтары орналасады. Биік мұнарада кеңселер мен люкс апартаменттер, ал оның қасындағы 80 метрлік кіші мұнарада бес жұлдызды қонақүйлер мен бренд апартаменттер ашылады.

Алматы облысы сейсмикалық қауіпті аймаққа жататындықтан, ғимарат қаңқасы мейлінше берік материалдардан салынады. Жобалаушылар бұл ретте Жапония мен Тайвань тәжірибесін ескерген.

Жобаны Alatau City Development Group компаниясы инвесторлармен және мемлекеттік серіктестермен бірге жүзеге асырады.

Skidmore, Owings & Merrill – сәулетшілер, дизайнерлер, инженерлер мен құрылысшыларды біріктірген ғаламдық компания. Дубайдағы Бурдж-Халифа, Нью-Йорктегі Дүниежүзілік сауда орталығының сәулетін осы компания дайындаған.

Сондай-ақ оқыңыз