Авто

BYD 9 минутта қуатталатын екі кроссовер шығарды

Сынақ кезінде Ti3 10%-дан 97%-ға дейін 8 минут 45 секундта зарядталған / фото: Сarnewschina

BYD компаниясы жылдам зарядтау функциясы бар жаңа Fang Cheng Bao Ti3 және Fang Cheng Bao Ti7 модельдерін таныстырды.

Сarnewschina ақпаратына қарағанда, бұл көліктер әлемдік нарықта BYD Ti3 және BYD Ti7 атауларымен сатылады.

Аязға төзімді

Ti7 кроссовері 755 км-ге дейін жүре алады. Небәрі 9 минутта 10%-дан 97%-ға дейін қуатталады.

5 наурызда компания жаңа буындағы Blade Battery 2nd generation аккумуляторын таныстырды. Оның басты артықшылықтары – мегаватттық зарядтау мүмкіндігі және жоғары аязға төзімділік.

Жаңа аккумулятор 11 модельде қолданылады деп жоспарланған. Соның ішінде Ti3 және Ti7 көліктері де бар. Бұл көліктер Robosense компаниясының LiDAR сенсорларымен жабдықталады.

FCB Ti3 туралы

Ti3 бұрынғы дизайнды сақтаған ықшам кроссовер. Оның өлшемдері – 4605 × 1900 × 1720 мм, доңғалақ базасы – 2745 мм. Көлік сыртында кең доңғалақ аркалары мен айқын сызықтар бар. Шанақ үшін алты түс – ақ, қара, жасыл, сұр, көк және күміс түс ұсынылған. Салоны екі түсте жасалуы мүмкін. Атап айтқанда, қара немесе ашық түс.

Жаңа екінші буын Blade аккумуляторы Ti3 моделінің басты ерекшелігіне айналды. Көлік 75,6 кВт·сағ литий-темір-фосфат батареясымен жабдықталған. Артқы жетекті нұсқасы 200 кВт (268 а.к.) қуат береді және CLTC стандарты бойынша 620 шақырымға жүре алады. Жылдам зарядтау станциясында батарея 5 минутта шамамен 400 шақырым жолға жететін энергия жинай алады. Сынақ кезінде Ti3 10%-дан 97%-ға дейін 8 минут 45 секундта зарядталған.

Ti3 толық жетекті екі моторлы жүйемен жабдықталуы мүмкін. Сонымен қатар DiSus-C адаптивті шассиі, үлкен панорамалық люк және DiPilot 300 жүргізушіге көмек жүйесі бар.

FCB Ti7 туралы

Ti7 – ірі жол талғамайтын көлік. Оның өлшемдері – 4999 × 1995 × 1865 мм. Салонда 5 орын және Devialet аудиожүйесі орнатылған. Артқы жетекті нұсқасы 300 кВт (402 а.к.) қуатқа ие. Батарея сыйымдылығы әзірге жарияланбаған. Бірақ 755 шақырым жүріс қоры бар.

Толық жетекті нұсқасы 515 кВт (691 а.к.) қуат өндіреді және 240 км/сағ жылдамдыққа жете алады. Көліктің жүксалғыш көлемі – 970 литр. Сонымен қатар 20 динамикті аудиожүйе және DiPilot 300 жүргізуші көмек жүйесі бар. Ti7 бағасы мен басқа сипаттамалары әзірге жарияланған жоқ.

Мұның алдында BYD бағасы түскен Song Ultra EV электромобилін шығарған еді.