Жаңалықтар

Иран АҚШ пен Израильге жойқын соққы беретінін хабарлады

Иран шабуылы
фото: REUTERS/Amr Alfiky

Иран АҚШ пен Израильге жойқын соққы беретінін хабарлады. Алдағы күндері шабуылдарын күшейтіп, ауқымын кеңейтпек.

Tasnim агенттігі ақпаратынша, бұл туралы Иранның Қарулы күштерінің біріккен қолбасшылық штабы – Хатам аль-Анбия орталық штабы хабарлады. Штаб мәлімдемесінде жақын күндері «дұшпан позицияларына» жасалатын соққылардың қарқыны да, көлемі де арта түсетіні айтылған.

Иран әскери қолбасшылығы Рамат Давид авиабазасы мен Мерон әскери базасы аумағындағы радиолокациялық нысанға соққы жасалғанын мәлімдеді. Сонымен қатар Иран Эрбиль қаласындағы АҚШ штабына және Кувейт аумағындағы америкалық базаға шабуыл жасағанын хабарлады.

Иран бұл әрекеттерін 28 ақпанда басталған АҚШ пен Израиль әскери операциясына жауап ретінде жүзеге асырған. Иран әскері Таяу Шығыстағы бірнеше америкалық базаға, соның ішінде Кувейт, Катар, БАӘ, Ирак және Бахрейн елдеріндегі нысандарға соққы жасады.

Шабуылдар кезінде азаматтық нысандар да зардап шеккен. Олардың қатарында БАӘ, Бахрейн және Катардағы әуежайлар, сондай-ақ Бурдж-аль-Араб қонақүйі бар. Парсы шығанағындағы алты мемлекет Иранның азаматтық нысандарға жасаған шабуылдарына жауап қайтаруы мүмкін екенін ескерткен.

Айта кететін жайт, Ираннан 52 қазақстандық елге оралды.