Ирандағы қыздар мектебіне жасалған шабуылға АҚШ жауапты болуы мүмкін — Reuters

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Иранның Минаб қаласындағы мектепте қаза тапқан оқушылар зираты
168 оқушы қыз бен 14 ұстаз бір зиратқа жерленді / фото: Иран СІМ/WANA/Handout/REUTERS

АҚШ-тың әскери тергеушілері Иранның Минаб қаласындағы қыздар медресесіне жасалған шабуылға америкалық жауынгерлер жауапты болуы мүмкін. Бұл туралы Reuters дереккөздер мәліметіне сүйене отырып хабарлайды.

Агенттің мәліметінше, әскери тергеушілер зерттеу қорытындысын әлі шығармаған. Reuters мұндай ақпаратты америкалық екі шенеуніктің дерегіне сүйене отырып таратты.

Агенттік тергеу туралы толық мәлімет ала алмай отыр. Алдын ала тұжырым жасауға нақты қандай дәлел бары әзірге белгісіз. Бұған қоса, Reuters мектепке соққы жасаған уақытта қарудың нақты қай түрі қолданылғанын да білгісі келеді.

Шабуылға кім жауапты? Не себепті АҚШ қыздар мектебіне соққы жасауы мүмкін? Агенттік осы сауалдарға жауап іздейді.

4 наурызда АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет америкалық әскерилер Минабтағы қайғылы оқиғаға қатысты тергеу жүргізіп жатқанын растаған. Ал АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубио Құрама Штаттар «мектепті әдейі атқыламайды» деп мәлімдеген.

Естеріңізге сала кетейік, 28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға шабуыл бастаған алғашқы күні Минаб қаласындағы қыздар медресесіне зымыран құлады. Иран баспасөзі мектептегі қайғылы оқиғадан кем дегенде 168 бала мен 14 ұстаз қаза тапты.

3 наурыз күні Минабтың мыңдаған тұрғыны марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салды. Қаза тапқандар арасында жеті жастағы балалар бар. Қала шетіндегі зиратта қазылған жүз шақты моланың әуеден түсірілген суреті бүкіл әлемге таралды.

Сондай-ақ оқыңыз