Ираннан 52 қазақстандық елге оралды

Жарияланды
General News бөлімінің тілшісі
Иран
Ираннан 52 қазақстандық елге оралды / фото Shutterstock

Ираннан 52 қазақстандық елге оралды. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, азаматтарды шиеленіс аймағынан эвакуациялау жалғасып жатыр.

Эвакуация басталғалы резидент және резидент емес әуе компанияларының 12 әуе рейсі арқылы 3 300-ден астам қазақстандық елге оралды.

«Әуе рейстерімен қатар азаматтарды шығару жерүсті жолдары арқылы да жүзеге асырылып жатыр. Ирандағы дипломаттар 6 наурызда  «Заркух» компаниясында жұмыс істейтін 7 қазақстандық азаматты иран-армян шекарасына жеткізуді жоспарлап отыр», – деп хабарлады министрлік.

Бұған дейін Тегеран мен Еревандағы дипломаттар Иран аумағында қалған «Заркух» компаниясының 34 қызметкерінің елден шығуын ұйымдастырып, олар автобуспен иран-армян шекарасынан өтті.

Жалпы Ираннан бүгінге дейін 52 Қазақстан азаматы елге қайтарылды.

«Өңірдегі Қазақстанның дипломатиялық өкілдіктері эвакуация толық аяқталғанға дейін жергілікті жерде үйлестіру жұмыстарын жалғастырып, шиеленіс аймағындағы отандастарымызбен тұрақты байланыста болады», – деп мәлімдеді СІМ.

Бұған дейін Израильде – 163, Қатарда 3 мыңнан астам, БАӘ-де 4 мыңнан астам, Сауд Арабиясында 1 800-дей қазақстандық бар екені айтылды.

Айта кетейік, 2026 жылдың 28 ақпанында Израиль мен АҚШ Иранға соққы жасады. Сол күні Иран Израильдегі және араб елдеріндегі АҚШ әскери базаларына және басқа да нысандарға қарсы шабуыл жасады.

1 наурызда Иранды 37 жыл басқарған Аятолла Әли Хаменеи АҚШ-Израиль шабуылынан қайтыс болды

5 наурызда Иранның әскери дрондары Әзербайжан жеріне құлады. Дрондардың бірі әуежай терминалына, екіншісі Шекерабад ауылындағы мектеп ғимаратының жанына түскен. Салдарынан екі адам зардап шекті.

Содан кейін Әзербайжанның сыртқы істер министрлігі Иран елшісін шақырып, оған наразылық нотасын тапсырды.

Ал Иранның сыртқы істер министрінің орынбасары Карем Ғарибабади AnewZ редакциясына Тегеранның «көрші елдерге соққы жасамайтынын» мәлімдеген.

Сондай-ақ оқыңыз