Мұнай қымбаттаса, теңге нығаяды: Сүлейменов валюта бағамына қатысты болжамын айтты

Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов теңге бағамы Таяу Шығыстағы ахуал мен қара алтын бағасына тәуелді екенін ашық айтты. Бас банкирдің пайымдауынша, әлемдік нарықта күтпеген шоктар болмаса, экспорттық түсімнің артуы теңге бағамын тұрақтандыруға қауқарлы.
Бас банкир бәрі Таяу Шығыстағы қақтығыс қалай өрбитініне, мұнай бағасы қанша уақыт қымбат болып тұратынына байланысты деп тұжырымдайды.
«Бұл ретте ел қазынасы мен Ұлттық қорға түсетін қаржы экспортқа шығатын негізгі шикізат – мұнай бағасына байланысты екенін бәрі білетін шығар. Экспорттан түсетін түсімнің 50 пайыздан астамы және Ұлттық қор мен бюджетке түсетін қаржының 30 пайызы мұнай есебінен қалыптасады. Мұнай қымбаттаған сайын, бюджетке түсетін түсім де артады. Түсім көбейген сайын, нарықтағы валюта ұсынысы да артады. Яғни теңге бағамы тұрақтана түседі», – деді ол.
Бұл ретте Сүлейменов мұнай бағасының әсері бірден білінбейтінін атап өтті, өйткені мұнай жеткізілімдердің басым бөлігі алдын ала келісімшарттар арқылы бекітілген. Мұндағы шешуші фактор – мұнай бағасының жоғары деңгейде сақталу мерзімі мен қақтығыс қанша уақытқа созылатындығы болмақ
Бас банкир әлемдік нарықта ешбір шок болмаса, теңге бағамы тұрақты қалыптасатынына сенімді.
Бұған дейін Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин соғыс салдарына валюта бағамының құбылуы нарықта алаңдаушылық туғызып, экономикалық жоспарлауға кедергі келтіреді деген.