Жаңалықтар

Үлкен техника ермінезді болуды талап етеді – краншы әйелмен сұхбат

Фото: Мадина Бекетаева мұрағатынан, бильд-редактор Ахтам Зиперов

8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні қарсаңында нәзікжандылардың тек үй мен кеңсе ғана емес, ауыр өндіріс саласында да ерлермен тең еңбек етіп жүргенін жиі еске аламыз. Солардың бірі – ауыр техниканы тізгіндеп, биікте жауапты жұмыс атқаратын кран жүргізушісі Мадина Бекетаева. Жезқазғандағы өндіріс орындарында ширек ғасырға жуық уақыт еңбек еткен ол бұл мамандықтың шыдамдылықты, батылдықты және ермінезділікті талап ететінін айтады. Осы кәсіптің қыр-сыры туралы Мадина Бекетаеваның өзімен әңгімелесіп көрдік.

Мадинаның кран машинисі мамандығына түсуіне нағашы ағасы себепкер болған екен. Ағасы Жезқазғандағы мыс балқыту зауытында көпір крандарының басым бөлігінде әйелдер жұмыс істейтінін көрген соң, Мадинаға да осы мамандықты меңгеріп көруді ұсынған. 1998 жылы мектеп бітірген Мадина ағасының ақылын тыңдап, бірден краншы мамандығына оқуға түскен.

«Тоғызыншы сыныптан кейін кран мамандығын тегін оқуға болады. Бірақ мен он бірінші сыныпты бітірген соң ақы төлеп, оқып алдым. Ең бастысы – ниет болды. Үш жыл оқыдым. Негізі кран – электр қуатымен жұмыс істейтін техника. Кейбіреулер тоқпен жұмыс істеу ер балаларға зияндау деп жатады. Дегенмен қазір бұл салаға ер азаматтар да келіп жатыр. Соған қарамастан, кран машинистерінің 80 пайызы – әйелдер. Жезқазғанда мыс балқыту зауыты мен кен байыту комбинаты бар, мұнара крандар да жұмыс істейді. Солардың көбінде әйелдер еңбек етеді. Өйткені әйелдер ер азаматтарға қарағанда шыдамдырақ қой», – дейді ол.

Мадина Жезқазғандағы №6 кәсіптік училищені бітірген. Ол Сәтпаев қаласына практикаға барып, содан 2003 жылы сондағы шахтаға көпір кран машинисі болып жұмысқа орналасқан.

«Биыл кранда жұмыс істеп келе жатқаныма 23 жыл болыпты. Аллаға шүкір, ешкімге қол жаймай, өз еңбегімізбен нанымызды тауып, елдің ортасында жүрміз», – дейді ол.

Мадина Бекетаева қазір Жезқазғанда тұрады. Жұмысы өзіне өте ұнайтынын айтады.

«Ұжымым да өте жақсы. Жұмыс істеймін деген адамға жұмыс табылады. Ақша төлегенде адамдар еңбегіңді бағалайды ғой. Шүкір деймін. Төртінші, яғни ең үлкен разряд болғандықтан, маған 200 тоннаға дейін жүк тиеу жауапкершілігі беріледі», – дейді ол.

Өзі 20 жылдан астам уақыт жұмыс істесе де, Мадина кран жұмысынан денсаулығына еш зиян келмегенін айтады. Қыста салқын болса да, басшылық қалың күпәйке, мақтадан тігілген шалбар беріп, қамын жасайды. Краншы өз жұмысын жауапты әрі ұқыпты атқаруға барын салады.

Фото: Мадина Бекетаеваның мұрағатынан, бильд-редактор Ахтам Зиперов

«Техникамен жұмыс істеген соң ермінезді болу керек. Жұмыста бір-бірімізді ауыстырып еңбек етеміз. Себебі бізде күндіз жөндеу жұмыстары болады да, негізгі жұмыстары түнгі ауысымда қалады. «Басқа саланы таңдауым керек пе еді» деген ойыма да келген емес. Өйткені басқа мамандықты оқыған қыздардың біздің жұмысқа орналасып жатқанын көремін. Арамызда тіпті бұрынғы мұғалімдер де бар. Олар қағаз-құжатпен алыспай, тиісті жұмысын істеп үйіне қайтқанды қалайды», – дейді Мадина.

Мадина Бекетаева биікте жұмыс істеу әр адамның қолынан келмейтінін атап өтеді. Алғаш кранға отырған кезде бойын қорқыныш билеген. Одан кейін үйреніп кеткен.

Краншылар екі ауысыммен еңбек етеді. Бірі бес күндік бойынша сегіз сағаттан жұмыс істейді. Таңертеңгі сегізден кешкі беске дейін еңбек етеді. Ал ауысымдағы краншылар 12 сағат жұмыс істейді. Таңғы сегізден кешкі сегізге дейін жұмыста болады.

«Біз өз арамызда биікте отырғанымыз – Құдайға жақын болғанымыз деп әзілдейміз. Сондықтан биікте отырған адам үлкен жауапкершілікті сезінеді. Бәрін бақылап, байқап отырады. Қазір әйел, еркек деп бөлінбейтін болдық қой. Жұмыстың бәрі бірдей. Суыққа төзе білетін, ыстықта шыдамды, өзінің жанұясын асыраймын дейтін қыз-келіншектерге тек қана алға деген кеңес беремін. Адамның істегенін адам істейді», – деп түйді әңгімесін Мадина Бекетаева.

Мадинамен жаңадан танысқандар оның краншы екенін естігенде таңырқап, «сені әнші не актриса деп ойлап қалдық» дейді екен. Қайда жүрсе де ортасына шуақ шашып, адамдарды күлдіріп, көңілін көтеріп жүретін жанның кәсібі қандай болса да, келбеті биік, рухы асқақ. Бәлкім, өмірдің нағыз сұлулығы да – ауыр еңбектің ортасында жүріп, жүрек жеңілдігін жоғалтпауында шығар.