Қазақстан банктерінің жартысына жуығын әйелдер басқарады: олар кімдер

Қазақстанның банк жүйесіне қатысты қызық факті бар. Еліміздің қаржы саласындағы жетекші қызметтердің айтарлықтай бөлігін әйелдер атқарып отыр. ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің дерегі бойынша, елімізде екінші деңгейдегі 23 банк бар. Оның тоғызын әйелдер басқарады. Олар тек қаржы ұйымдарын басқармай, сонымен қатар сектордың дамуына жаңа тәсілдер енгізіп, тыс серпін беріп отыр.
Әйелдер банктердің әртүрлі сегменттерінде қызмет атқарады – бөлшек бизнес, цифрлық сервистерден бастап, даму институттары мен арнайы қаржы ұйымдарына дейін. Алайда олардың барлығын біріктіретін бірнеше ортақ қасиет бар.
Kursiv.Media тілшісі қазақстандық банктерді басқарып отырған әйелдер туралы шолу әзірледі.
Банк саласындағы әйелдер дегенде кез-келген қазақстандықтың есіне бірден Halyk Bank-тің басқарма төрағасы Үміт Шаяхметова түсетіні анық. Ол қаржы саласында 30 жылдан астам тәжірибесі бар және елдің ірі бизнес қауымдастығындағы ықпалды тұлғалардың бірі.
Қызметтік жолын 1990-шы жылдары Ұлттық банкте бастаған, әртүрлі бөлімдерде жұмыс істеп, кейін ірі қаржы ұйымдарында жетекші лауазымдарға көтерілді. Оның тәжірибесіне банктің операциялық қызметін басқару, корпоративтік және бөлшек бизнес стратегияларын дамыту, сондай-ақ цифрлық трансформацияны жүзеге асыру кіреді.
Оның кәсіби ерекшелігі – стратегиялық ойлау және өзгерістерді басқару қабілеті, сонымен қатар банк қызметкерлерінің кәсіби дамуына және корпоративтік мәдениетті қалыптастыруға ерекше мән беруі. Үміт Шаяхметова – Қазақстандағы қаржы секторында әйел көшбасшының үлгісі.
Банк секторындағы келесі танымал тұлға – Гулфайруз Ахметова. Оның кәсіби жолы қарапайым менеджерлік лауазымнан басталғанымен, бүгін де ірі жобаларды іске асыратын көшбасшыға айналды. Қаржы саласында 20 жылға жуық тәжірибесі бар. Қызметтік жолын 2009 жылы «Альянс Банкте» бастап, «Темір Банк» АҚ, «ForteBank» АҚ сияқты банктерде жетекші лауазымдарда жұмыс істеді. 2017 жылдан бастап «Банк Kassa Nova» АҚ басқарма мүшесі – басқарушы директор қызметін атқарды. Оның жетекшілігімен банк стратегиялық бағыттарды дамыту мен қаржы өнімдерін жетілдіруде табысты жұмыс істеді.
Freedom Bank-тің басқарма төрағасы ретінде ол цифрлық ипотеканы бір күнде рәсімдеу сияқты күрделі жобаларды іске асырды. Қазіргі банк философиясы – максималды цифрландыру және клиентке жылдам шешім ұсыну, ипотека мен басқа қызметтердің мәнін өзгертіп, цифрлық экожүйелер мен GovTech шешімдерін енгізу арқылы қолжетімді етеді.
«Отбасы банк» АҚ басқарма төрайымы Ләззәт Ибрагимованы бұл күнде қазақстандықтардың көпшілігі біледі. Қазақстанның даму институттарындағы ең танымал жетекшілердің бірі. 1972 жылы 7 қарашада дүниеге келген, 3 баланың анасы, қазақ және орыс тілдерін еркін меңгерген.
«Қазақстан Республикасының жинақтаушы зейнетақы жүйесін басқару» тақырыбын зерттеген маман қызметін 1995–2004 жылдары университетте оқытушы болып бастады. Кейін Даму кәсіпкерлікті дамыту қоры және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» сияқты мемлекеттік институттарда түрлі басқарушы лауазымдарда жұмыс істеді. 2017 жылдан бері «Отбасы банк» басшысы. Оның басшылығымен банк қазақстандықтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесінің негізгі институтына айналды. 2022 жылы басқарма төрайымы ретінде қызметін жалғастырды.
«Bank RBK» басқарма төрайымы Наталья Акентьева әр жылдары қаржы және нақты сектордағы компанияларда жетекші лауазымдарда жұмыс істеді, соның ішінде «ABN AMRO Bank Kazakhstan» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ бар.
2015 жылдан 2018 жылға дейін «Altyn Bank» АҚ басқарма төрағасының орынбасары болып жұмыс істеді. Осы жылдар ішінде банк қызметін жетілдіру, жаңа өнімдер енгізу және клиенттік сервисті дамыту бағытында жұмыс жасады.
Ләззәт Сатиева Қазақстан банктеріндегі тәжірибелі жетекшілердің бірі. 2020 жылдан бастап «Еуразиялық банкте» корпоративтік блок пен шағын және орта бизнесті басқаруды қадағалады. Бұған дейін «Forte Bank-те» басқарушы директор қызметін атқарған. Сондай-ақ ол «Казкоммерцбанкте» 10 жыл бойы шағын және орта бизнесті қаржыландыру бағытында жұмыс істеді. «БТА банкі» мен «Казкоммерцбанктің» интеграциялық жобасына қатысқан.
Бұлардан бөлек Қазақстан банктерінің басшылары арасында «Нұрбанк» АҚ басшысы Гүлнара Мұсатаева, Alatau City Bank басқарма төрағасы Гүлмира Жұмадиллаева, «Заман-Банк» Ислам банкі АҚ басқарма төрағасы Гүлфайруз Асаева, «Ситибанк Қазақстан» АҚ Басқарма Төрайымы Сәуле Жақаева бар. Әрқайсысы банк бөлімшелерінде жұмыс істеуден бастап, ірі ұйымдарды басқаруға дейін қаржы саласында ұзақ кәсіби жолдан өткен кәсіби мамандар.
Тәжірибелері әртүрлі болса да оларды ортақ бірнеше қасиет біріктіреді. Біріншіден, жоғары кәсібилік, банк секторындағы көпжылдық тәжірибе. Көпшілігі қаржы саласында 20 жылдан астам жұмыс істеп, әртүрлі лауазымдарды атқарған – аналитикалық, операциялық және стратегиялық бағытта тәжірибе жиған.
Екіншіден, олардың көбіне банктердің тұрақты дамуына, заманауи технологияларды енгізуге және клиенттік қызмет сапасын арттыруға басымдық беруі тән. Қазіргі таңда банктер цифрландыруға, онлайн-сервистерді дамытуға және жаңа қаржы өнімдерін енгізуге белсенді инвестиция салады және осы өзгерістерді көбіне әйел жетекшілер іске асырады.
Тағы бір ортақ қасиет – корпоративтік мәдениетке және кадрлық әлеуетті дамытуға көңіл бөлуі. Әйел басқаратын банктердің ерекшелігі – қызметкерлердің кәсіби өсуін қолдап, ашық корпоративтік орта қалыптастыруға көңіл бөледі.
Сарапшылардың пікірінше, қаржы секторында әйелдердің жетекші лауазымға тағайындалуы – ғаламдық тенденцияның бір бөлігі. Халықаралық зерттеулер мұндай гендерлік шешімдер компаниялардың тұрақтылығын арттыратынын және бизнестің ұзақ мерзімді дамуына септігін тигізетінін көрсетеді.
Қазақстанның банктік жүйесі де осы өзгерістерді көрсетіп келеді. Әйел жетекшілер тек қаржы институттарын тиімді басқара қоймай, жаңа буын мамандар үшін үлгі-өнеге болып, кәсіби шеберлік, стратегиялық ойлау және көшбасшылық қасиеттердің гендерге тәуелсіз екенін көрсетуде.
Бұған дейін, саясаттағы әйелдердің имиджі мен стилі туралы жазған едік.