«Қазақстан темір жолына» еншілес компания топ-менеджері ұсталды

Жарияланды
Business News бөлімінің тілшісі
Филиал басшысы ірі көлемде пара алды деген күдікке қалған / фото: shutterstock; бильд-редактор: Ахтам Зиперов

«ҚазТемірТранс» (ҚТТ) компаниясы Алматы филиалының директоры Ақылбек Базенов ұсталды. Мәліметті 6 наурызда таңертең компанияның өзі ішінара растады.

ҚТТ акцияларының жүз пайызы «Қазақстан темір жолы» компаниясына тиесілі. «ҚазТемірТранс» тергеу жүріп жатқанын жұма күні таңертең хабарлады.

«ҚазТемірТранс» АҚ қазіргі уақытта құзыретті құқық қорғау органдарының тергеу іс-шараларын жүргізіп жатқанын растайды. Компания уәкілетті органдарға жан-жақты жәрдем көрсетеді және жүргізіліп жатқан тергеу шеңберінде барлық қажетті ақпарат пен құжаттарды ұсынады», – деп таратты ҚТТ-ның баспасөз қызметі.

Компания таратқан мәліметтен құзырлы органдардың тексеруі ірі көлемде заңсыз сыйақы алу оқиғасы бойынша жүріп жатқаны мәлім болды.

«Қолда бар деректерге қарағанда, филиал объектілерін күзету бойынша мемлекеттік сатып алуларда ұтып алуға жәрдемдесу үшін ірі заңсыз ақшалай сыйақы алу туралы мәліметтер күмән туғызады. Өйткені қазіргі уақытта «ҚазТемірТранс» АҚ мен күзет ұйымдары арасында жоғарыда көрсетілген қызметтерді көрсетуге шарттар жасасу бойынша барлық рәсімдер аяқталды», – деп отыр ҚТТ.

Компания жариялаған анықтамада «ҚазТемірТранс» компаниясының күзет қызметтеріне қатысты жалпы бюджеті шамамен 200 млн теңге екені айтылған. Мәліметке қарағанда, Алматы филиалы бойынша өндірістік базаларды күзетуге 9 млн теңгеден астам қаражат бөлінген.

«Бұл осы бағыттағы қолдап-қорғаушылық пара сомасы туралы таратылатын ақпараттан бірнеше есе аз», – деп таратты ҚТТ.

Компания қызметін әдеттегі тәртіппен орындап жатқанын, тергеу нәтижелері қосымша хабарланатынын мәлімдеді.

Теміржолмен жүк таситын «Қазтеміртранс» паркінде 37 мыңнан астам вагон бар. Оның жүз пайыз акциясы «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясына тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз