Қазақстанда әуе шабуылынан қорғанатын орындар бар ма

Егер Қазақстанға тұтқиылдан төтенше қауіп төнсе, халық паналайтын орындар бар ма? Әуе дабылы қағылғанда тұрғындар қайда жасырынуы керек.
Бомбадан паналайтын жер деген қандай орын?
Ең бірінші ескеретін нәрсе, Қазақстан заңнамасында «бомбадан паналайтын жер» немесе «бункер» деген ұғым қолданылмайды. Оның орнына «азаматтық қорғаныстың қорғаныш құрылысы» (АҚҚҚ) деп айту қажет.
Оның түрі екіге бөлінеді: паналайтын және радиацияға қарсы жасырын орын.
Паналайтын жер – заманауи зақымдану құралдарынан, өрттен, басқа да улы заттардан қорғануға арналған. Ал радиацияға қарсы жасырын орын ядролық жарылыс немесе радиациялық ластану кезінде қорғау үшін арнайы жасалған паналау орны.
АҚҚҚ тікелей мемлекет бақылауында болады.
Қазақстандағы АҚҚҚ қанша?
Қазақстандағы АҚҚҚ-ның барлығы негізінен кеңес үкіметі кезінде салынған. Бірақ олардың көпшілігі бірдей жарамды емес. Осыдан екі жыл бұрын Төтенше жағдай министрлігі елдегі АҚҚҚ-ларды түгендеген еді. Белгілі болғандай, азаматтардың қорғанысына арналған нысандардың 70%-ы жекеменшікке өткен. Бірақ олардың жағдайы да мәз емес.
2024 жылы сол кездегі Алматы әкімі Ерболат Досаевпен кездесуде қала тұрғындары осы мәселені көтерді. Мәселен, Бостандық ауданында төрт АҚҚҚ бар, бірақ оның екеуі Мүлік иелері бірлестігі (МИБ) иеленіп отырғанын айтқан.
Досаев та АҚҚҚ-лардың көбі жекеменшікке өткенін, ал мемлекет иелігіндегілердің жағдайы мүшкіл екенін мойындады.
Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, мемлекет қарамағында 71 АҚҚҚ бар.
«Соңғы бес жылда азаматтық қорғанысқа арналған 70 қорғаныс құрылысы жаңадан салынып, пайдалануға дайын күйге келтірілді. 2024 жылы жүргізілген түгендеу нәтижесі бойынша қорғаныс құрылыстары қорының 70%-дан астамы жекеменшік иелікте, ал шамамен 30%-ы мемлекеттік басқаруда екені анықталды. Қараусыз қалған нысандар – 16. Жергілікті атқарушы органдардың балансында 71 нысан бар. Оларды күтіп-ұстауға 2024 жылы 110 млн теңге бөлінді», – деген еді ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов депутаттарға берген жауабында.
Соңғы он жылда «қорғаныс қабілеті жарамсыз» деген себеппен 171 АҚҚҚ есептен алынып тасталды. Ал жұмыс істеп тұрған АҚҚҚ-лардың қай жерде екені белгісіз, олардың мекен-жайы құпия ақпарат ретінде жарияланбайды.
АҚҚҚ болмаса, қайда жасырынады?
Әуе шабуылы немесе өзге де қауіптен жасырыну үшін АҚҚҚ-дан бөлек қорғанатын орындар бар. Оған жертөле, жартылай жертөле үй-жайлары, жер асты паркингтері, сауда орталықтарының паркингтері, метро, жер асты өткелдерін жатқызуға болады. Төтенше жағдай министрлігінің мәліметінше, елде ондай 14,5 мың орын бар. Оған 15 млн-ға жуық адам сыяды.
Ірі масштабтағы төтенше апат болса, 3 952 қабылдау пункті дайындалған. Ол жерде тұрғындар жиналып, есеп жүргізіп, медициналық көмек алып, басқа қауіпсіз аудандарға эвакуация жасайды.
Ең көп бөлігі Алматыда (545), Жамбыл облысында (423) және Алматы облысында (417). Ал Астана мен Батыс Қазақстан облысында 16 және 14 қабылдау пункті ғана бар.
Ол пункттерді «2ГИС» немесе «Яндекс.Карта» қосымшаларынан да табуға болады.
Әуе шабуылы немесе басқа да төтенше жағдайдан қорғану туралы мәселе АҚШ, Израиль – Иран арасындағы қақтығыстан кейін көтерілді. Соққы басталғаннан кейін 28 ақпанда Тоқаев елдегі барлық күштік құрылымды тәуліктік жұмыс кестесіне ауыстыруға тапсырма берген.
4 наурызда тағы да бір рет елдегі қауіпсіздік шараларын күшейтуді тапсырды. Оның ішінде көлік, энергетика, коммуналдық инфрақұрылым, әуежай, теңіз порттары тәрізді маңызды нысандарға ерекше назар аудару керек екенін айтты.
Қазір әлемде алты ірі соғыс жүріп жатыр. Оған 50 шақты ел тікелей араласып немесе амалсыз тартылып отыр.