Жаңалықтар

Қазақстандық футболшы Омар Мұрадов Италияның «Болонья» клубында доп тебеді

коллаж: kursiv.media, бильд-редактор: Ахтам Зиперов

Қазақстандық жас футболшы Омар Мұрадов Италияның А сериясында өнер көрсететін «Болонья» клубымен келісімшартқа қол қойды.

18 жастағы жартылай қорғаушы алғашқы кезеңде клубтың жастар құрамасында ойнайды. Келісімшартқа сәйкес, алғашқы алты ай футболшының жаңа ортаға бейімделуіне беріледі. Осы мерзімнен кейін негізгі командаға ауыстырылуы тиіс деген арнайы тармақ келісімде көрсетілген.

«Болоньяның» жастар командасы Примавера чемпионатында өнер көрсетеді. Бұл – 20 жасқа дейінгі ойыншыларға арналған дубль құрамалар арасындағы турнир.

Келісімшарттың шарттары

Омар Мұрадовтың «Болоньямен» келісімі 2027 жылдың жазынан бастап күшіне енеді және үш маусымға есептелген.

Осы уақытқа дейін қазақстандық футболшы итальян тілін үйренуі тиіс. Ол клубқа еркін агент ретінде қосылады.

Келісімшартта футболшыны сатып алу құны да көрсетілген. Оның өтемақысы 15 млн еуро (шамамен 8,7 миллиард теңге) деп белгіленген.

«Болонья» басқа клубтардан озып кетті

Еуропалық БАҚ ақпартына сәйкес, жас талантқа бірнеше еуропалық клуб қызығушылық танытқан. Олардың қатарында «Милан», Испанияның «Жирона» клубы және Ресейдің ЦСКА командасы бар.

Бұған дейін Әзербайжан басылымдары ойыншыға «Астана», «Қайсар» және «Нефтчи» клубтары да қызыққанын жазған.

Омар Мұрадов кім?

Омар Мұрадов 2007 жылдың 17 қазанында Алматы қаласында дүниеге келген. Футболдағы алғашқы қадамдарын «Қайрат» академиясында және «Мустанг» жеке клубында бастаған.

15 жасында Әзербайжанға барып, «Сумгаит» клубының жүйесіне қосылды. Сол жерде U17 жас санатында ел чемпионы атанды. 2025 жылдың жазында «Араз-Нахичевань» клубының U19 командасына ауысқан.