СІМ қазақстандық туристер үшін ескерту жариялады

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
СІМ қазақстандық туристер үшін ескерту жариялады / Фото: СІМ

Сыртқы істер министрлігі азаматтарға Таяу Шығыс елдеріне барудан уақытша бас тартуды ұсынды. Ведомство бұл ұсыныстың әуе кеңістігіндегі айтарлықтай шектеулерге және өңірдегі қазіргі жағдайға байланысты екенін атап өтті. Қазақстандықтарға соғыс қимылдары тоқтап, жағдай тұрақталғанға дейін сапарларды кейінге қалдыруға кеңес берілді.

Ведомство, сондай-ақ, Қазақстанның Таяу Шығыс елдеріндегі дипломатиялық өкілдіктері күшейтілген жұмыс режиміне көшірілгенін хабарлады. Жергілікті жерлерде азаматтарға консулдық-құқықтық көмек көрсетілуде. Сонымен қатар, өңірдегі қазақстандықтардың, соның ішінде транзиттік аймақтарда жүргендердің тізімдері жаңартылуда.

Бұдан бөлек, жедел ақпараттандыру үшін мессенджерлерде арнайы чаттар құрылды, онда отандастарымыз өзекті ақпараттар мен туындаған сұрақтарға жауап ала алады.

СІМ ұйымдасқан туристерді қонақ үйлерге орналастыру қазақстандық туристердің құқықтарына кепілдік беру жүйесіне кіретін туроператорлар тарапынан қамтамасыз етілетінін нақтылады. Сондай-ақ, азаматтарды эскалация аймақтарынан шығарудың ықтимал бағыттары мен шаралары қарастырылуда.

Шығу туризмі саласындағы ҚР азаматтарының құқықтарына кепілдік беру жүйесінің әкімшісі «Туристік Қамқор» мәліметінше, 28 ақпаннан бастап Таяу Шығыстың бірқатар елдеріне сапарлау үшін туркодтар беру тоқтатылды. Шектеу Иран, Израиль, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Қатар, Бахрейн, Кувейт, Иордания және Оман елдеріне жасалатын турларға қатысты.

Бұл шараның уақытша екені және жағдай тұрақталып, туристердің қауіпсіздігі расталғанға дейін қолданыста болатыны атап өтілді. Туристік компанияларға жеке хабарлама берілгенге дейін бұл бағыттар бойынша турөнімдерді уақытша қалыптастырмау және сатпау ұсынылды.

Ведомство, сондай-ақ, 28 ақпаннан кейін Таяу Шығыс елдеріне шығатын туристерге шығу туризмі саласындағы азаматтардың құқықтарына кепілдік беру жүйесінің қолданылмайтынын баса айтты.

Турларды тоқтату немесе ауыстыру, сондай-ақ қаражатты қайтару мәселелері бойынша азаматтарға тур сатып алынған туристік агенттіктерге хабарласу ұсынылады.

Бұған дейін Қазақстанның Таяу Шығыс елдерінен өз азаматтарын эвакуациялауды жалғастырып жатқанын жазған едік. СІМ мәліметінше, қақтығыс аймақтарынан 3,3 мыңнан астам қазақстандықты шығару мүмкін болды.

Сондай-ақ оқыңыз