TikTok Павел Дуровтың аккаунтын бұғаттап тастады

TikTok платформасы Telegram-ның негізін қалаушы Павел Дуровтың парақшасын бұғаттап тастады. Оған не себеп болғаны белгісіз.
Дуров TikTok-қа осы жылы қаңтарда ғана тіркелген. Сол уақыттан бері оған 150 мың адам жазылып үлгерді. Ал қазір парақшаны ашуға тырысқанда, аккаунт қолжетімсіз деген хабарлама шығады.
Негізі бұған дейін Дуров бірнеше рет әлеуметтік желіні сынға алған еді. Тіпті бір жиында TikTok-ты «батпаққа» теңеп, адамдарды қысқа рилс көріп отыруды азайтуға шақырды. Оның сөзінше, ондай контент миға артық салмақ түсіріп, көрерменді уайымға батырады.
Әзірге TikTok та, Дуров та бұған қатысты пікір білдірген жоқ.
Осыған дейін Ресейде Дуровқа қарсы қылмыстық іс қозғалғанын жазған едік. Оны Telegram-дағы тыйым салынған контентке, есірткіге, суицидке және экстремизмге байланысты мыңдаған арна мен чатты жоймаған деп айыптап отыр.