ТЖМ Қазақстан тауларындағы көшкін қаупі туралы ескертті

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
ТЖМ Қазақстан тауларындағы көшкін қаупі туралы ескертті / Фото: Shutterstock

Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысындағы таулы аймақтарда көшкін қаупі сақталуда. Бұл туралы Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Ведомство мәліметінше, Алматы, Түркістан және Шығыс Қазақстан облыстарының, сондай-ақ, Жетісу облысының тауларында көшкін жүру қаупі бар. Алматы облысы мен Жетісу облысының кейбір аудандарында қар жамылғысының биіктігі 1,4 метрге жетеді, бұл климаттық нормадан шамамен екі есе жоғары.

Қазгидромет болжамына сәйкес, 6-8 наурыз аралығында бұл өңірлердің таулы аймақтарында қалың қар жауып, боран соғады деп күтілуде. Қар жамылғысының тұрақсыздығына байланысты көшкіннің өздігінен жүру ықтималдығы жоғары болып қалады.

ТЖМ хабарлауынша, 2025 жылдың қарашасында басталған көшкін қаупі бар маусымнан бері мамандар таулы аумақтарға 331 жерүсті зерттеуін жүргізді. Қауіпті болуы мүмкін орындарда көшкін жүруі мүмкін екендігі туралы 110 ескерту белгісі орнатылды. Халықты құлақтандыру үшін 1275 ескерту мен 6103 ақпараттық брошюра таратылды.

Ведомство деректері бойынша, 2025-2026 жылдардағы көшкін қаупі кезеңі басталғалы бері Алматы қаласында, Алматы және Жамбыл облыстарында 61 рет көшкіннің өздігінен жүруі тіркелді. Сондай-ақ, қауіпті азайту үшін Алматы қаласында, Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарында 79 рет қар көшкінін профилактикалық түсіру жұмыстары жүргізілді.

«ТЖМ көшкін қаупі туралы дауылды ескерту жарияланған кезде таулы аймақтарға барудан бас тартуды, сондай-ақ көшкіннің жүруіне түрткі болмау үшін қар басқан тік беткейлерге шықпауды ұсынады», — деп атап өтті ведомство.

Министрлік қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін еске салды.

Сондай-ақ оқыңыз