7 трлн теңгеге қатысты пікір білдірген Шолпанқұлов неге қызметінен кетті

Жарияланды
Business News бөлімінің редакторы
Берік Шолпанқұлов неге қызметінен кетті / Фото: Ұлттық банктің баспасөз қызметі, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов брифинг барысында орынбасарының қызметтен кетуіне қатысты пікір білдірді. Төрағаның айтуынша, Берік Шолпанқұлов жұмыстан босату туралы өтінішті өз еркімен жазған. Сүлейменов бұл шешімді тек заңнамалық тұрғыдан растап, оның артында қандай да бір саяси астар бар-жоғы туралы сұрақтарға нақты жауап берген жоқ.

7 триллион теңге мәселесі

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық банктердің бірі арқылы көрші елден келген 7 трлн теңгенің шетелге шығарылғанын айтып, мұны «жаға ұстатарлық факт» деп атаған. Бұл оқиғадан кейін қаржы нарығын бақылаушы мекемелер тексеріс бастаған.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында 7 трлн теңгенің «таза сыртқа шығарылған ақша» емес, жалпы «қаражат айналымы» екенін айтты. Сондай-ақ, ол алдын ала тексеріс нәтижесі банктердің ешқандай заң бұзу анықталмағанын мәлімдеді.

Шолпанкұловтың бұл сөзінен кейін президенттің баспасөз хатшысы Айбек Смадияров ресми жауап беріп, мемлекет басшысының тек тексерілген ақпаратты айтатынын қадап айтты.

«Президент тексерілмеген ақпаратты жарияламайды. Егер ол 7 трлн теңге транзакция болды десе, демек солай болғаны», – деп мәлімдеді ол.

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов аталған банкке қатысты тексеріс әлі де жалғасып жатқанын айтады. Оның айтуынша, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі мен Қаржылық мониторинг агенттігінің қатысуымен жүріп жатқан бұл процестің нақты нәтижелері тергеу аяқталған соң ғана жарияланады.

Сондай-ақ оқыңыз