FOREVER 29: Freedom Media ұсынған қыздарға арналған сериал

Freedom SuperApp қосымшасында FOREVER 29 атты жаңа сериалдың тұсаукесері өтті. Жоба отыз жасқа жақындаған қыздардың ішкі толғаныстарын, өміріндегі өзгерістерді, олардың жеке таңдауы, армандары мен жауапкершілікке толы кезеңін баяндайды.
Сериал не туралы
Қыз баланы кішкентайынан «мінсіз болуға» тәрбиелейді. Үлгілі оқушы, ибалы қыз, адал жар, қамқор ана, табысты маман… Қоғамның бұл тізімі жыл өткен сайын ұзара береді. Уақыт өте келе сол талаптар иыққа артылған көрінбес жүкке айналады. Отыз жасқа таяғанда да дәл сол әңгіме: тұрақты мансап, жарасымды отбасы, ертеңге деген нық сенім. Бірақ тағдыр пенденің жоспарына бағына бермейді.

Әсел, Мадина және Жанчик те отыздың белесіне арман-қиялмен жеткен еді. Алайда олардың шындығы күткен суреттен өзгеше болды. Бірінің мансабы жүрмей, бірі жүрек қалауын таба алмай, енді бірі достық пен махаббаттың ара-жігін ажырата алмай дал болады. Бір күні олар мектеп кезіндегі арман-тілектер жазылған ескі тізімді табады. Сарғайған парақтағы аңғал сөздер мен батыл мақсаттар олардың жүрегінде ұмыт қалған отты қайта тұтатады. Әр орындалған тілек – кішкентай жеңіс. Әр қадам – өз-өзіңе деген сенімнің қайта оралуы. Олар бірге күледі, бірге жылайды, бірге қателеседі.
FOREVER 29 – бұл жас туралы емес, жүректің күйі туралы хикая. Бұл – кез келген жаста жаңа бастау жасауға болатынын, шынайы әрі жанға жылу сыйлайтын туынды.

Негізгі тақырыптар
Сериал достық, жарыңа, өзіңе деген махаббат, әйелдің өз жолын таңдау құқығы, қоғамдық қысым сияқты көп көрерменге таныс мәселелерді қозғайды.
Сюжет тәрбиелік сабақ беруден гөрі, шынайы өмірді бейнелейді. Сондықтан көрермендер алғашқы бөлімнен бастап кейіпкерлермен эмоционалды байланыс орнатады.

Актерлік құрам
Сериалда Карина Кудекова, Алтыншаш Шаяхмет, Гаухар Бейсембаева, Жандос Сейдалин, Шыңғыс Бейбітұлы, Дәулет Жанболат, Әлішер Эйнис және Айдар Асқарбек ойнайды.
Жобаны әйелдерден құралған ұжым жүзеге асырған, сондықтан сериалдағы тақырыптар оларға таныс әрі жақын.
Қоюшы-режиссер: Маржан Хайдар
Сценарий авторлары: Маржан Хайдар, Айнұр Мубарова, Раушан Садырбаева
Продюсерлер: Лаура Сабанбаева, Айымгүл Орынбаева, Санам Реваева
Қайдан көруге болады
FOREVER 29 сериалын тек Freedom Media онлайн-кинотеатры арқылы, Freedom SuperApp қосымшасында тамашалауға болады.