Жаңа дизайн: әйгілі Hyundai Tucson-ның жаңартылған нұсқасы қандай болады

Hyundai бесінші буындағы Tucson кроссоверін таныстыруға дайындалуда. Прототиптердің шпиондық суреттеріне қарағанда, бұл жолғы модель мүлдем басқа дизайнға ие болады. Carscoops басылымының жазуынша, бренд дизайнерлері консервативті дизайн тәсілінен түбегейлі бас тартқан сияқты.
Қазіргі Hyundai Tucson моделі брендтегі ең батыл дизайнға ие көліктердің біріне айналды, агрессивті оптикасы және ерекше радиатор торымен ерекшеленеді. Алайда келесі буын одан да батыл бағытқа қадам жасауы мүмкін.
Жаңа стиль және басқа оптика
Авто Mail үшін суретші Никита Чуйко жасаған жаңа рендерлерге қарағанда, Hyundai Tucson 2027 алдыңғы бөлігінде мүлде жаңа жарық қолтаңбасына ие болады. Негізгі ерекшелік – алдыңғы бөліктің жоғарғы жағында орналасқан кең жарықдиодты жолақ болуы мүмкін. Ол Hyundai Crater Concept концепт-көлігін еске салады.
Бұл жарық жолағы бампердің шеттеріндегі диагональды LED-элементтермен біріктіріледі. Ал негізгі фаралар мен күндізгі жүріс шамдары төменірек орналасады, ал радиатор торы тарылып, бампердің төменгі жиегіне жақын орналасқан.

Santa Fe-ге ұқсайды
Бүйірінен қарағанда жаңа кроссоверде Hyundai Santa Fe моделіне ұқсастық байқалады. Көліктің доңғалақ аркалары бұрынғыдан гөрі төртбұрышты пішінге ие, есік тұтқалары шанаққа кіріктірілген. Шанақтың төменгі бөлігінде қара қорғаныс элементтері бар, ал төбесінде ірі рейлингтер орнатылған.

Рендерлер мен камуфляжбен түсірілген суреттерге қарағанда, артқы жағында Hyundai Tucson 2027 моделі шанақтың бүкіл ен бойымен созылған тұтас жарық жолағын алады. Шамдардың орталық бөлігі жіңішке әрі созылыңқы болып, жаңа жарық графикасын қалыптастырады.
Интерьер және мультимедиа
Салон да елеулі өзгерістерге ұшырайды. Көлікте Pleos жаңа мультимедиялық жүйесі пайда болады деп күтілуде. Ол Tesla көліктеріндегі стильге ұқсас үлкен орталық дисплеймен жабдықталады. Сонымен қатар негізгі функцияларды басқаруға арналған физикалық батырмалар мен жеке басқару тұтқасы сақталады.

Қозғалтқыш қуаты қандай болуы мүмкін
Қуат қондырғылары туралы ресми мәліметтер әзірге жарияланған жоқ. Дегенмен жаңа Hyundai Tucson бұрыннан таныс қозғалтқыштар жиынтығын сақтауы мүмкін:
- турбиналы бензин қозғалтқыштары;
- гибридті нұсқалар;
- plug-in гибридтер.
Сондай-ақ модель қатарында шамамен 300 ат күшіне жуық қуаты бар спорттық Hyundai Tucson N нұсқасы да пайда болуы ықтимал. Ол 1,6 литрлік турбоқозғалтқыш пен электр осінің комбинациясын қолдануы мүмкін.
Бесінші буындағы Hyundai Tucson моделінің премьерасы 2026 жылдың соңында өтеді деп күтілуде.
Еске салсақ, осыған дейін Hyundai компаниясы барлық көлік моделінің дизайнын ортақ стильге біріктіруді көздеп отырғанын хабарлаған еді. Брендтің Еуропадағы бөлімшесінің бас директоры Ксавье Мартиненің айтуынша, көліктер бір-біріне көбірек ұқсайтын болады, бірақ соған қарамастан әр модель өзіне тән бірегей дизайнын сақтайды.