Авто

Қазақстандықтарға көлік салығын төлеуге бір айдан аз уақыт қалды

Көлік салығын төлеу кезінде 2025 жылғы АЕК мөлшері қолданылады / Фото: shutterstock

Қазақстандық автокөлік иелеріне 2025 жылға арналған көлік салығын төлеуге 1 айдан аз уақыт қалды. Жеке тұлғалар өткен жылға арналған көлік салығын 2026 жылғы 1 сәуірге дейін төлеуге міндетті. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді.

Төлем сомасы әр көлік үшін жеке есептеледі. Ол көліктің қозғалтқыш көлеміне байланысты анықталады және айлық есептік көрсеткіш (АЕК) негізінде есептеледі.

2026 жылы (2025 есептік жылы үшін) көлік салығын төлеу кезінде 2025 жылғы АЕК мөлшері қолданылады. Ол 3 692 теңге құрайды. Қозғалтқыш көлемі үлкен көліктер үшін салық дәстүр бойынша жоғарырақ болады, сонымен қатар есептік жылы ішінде көлікті қолданған айлар саны ескеріледі. Салық тек көлік нақты меншік иесінің қолында болған айлар үшін есептеледі.

Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтында көлік салығын есептейтін арнайы калькулятор бар. Соның көмегімен салық сомасын білуге болады. Оны есептеу үшін келесі мәліметтерді енгізу қажет: салық есептелетін жыл, қанша ай көлікті пайдаланғаны, көліктің түрі және қозғалтқыш көлемі.

Көлік салығын төлеу eGov Mobile, e-Salyq Azamat мобильді қосымшалары, банктер арқылы немесе электрондық үкімет порталы egov.kz арқылы жасауға болады. Банктердің мобильді қосымшалары арқылы онлайн төлеу кезінде салық автокөлік иесінің ЖСН бойынша алынады.

Басқа да салықтар

Көлік салығы – жеке тұлғаларға биылғы жылы төлеуге тиесілі жалғыз салық емес. 2026 жылдың соңына дейін азаматтар мүлік салығын да төлеуі тиіс. 2025 жылға арналған пәтер, үй, жазғы демалыс үйлері мен гараждар үшін төлем 2026 жылғы 1 қазанға дейін енгізілуі қажет. Салық сомасы мемлекеттік корпорация «Үкімет – азаматтар үшін» ұсынған бағалау негізінде салық органдары тарапынан автоматты түрде есептеледі.

Жалпы декларациялау аясында, жүйеге кірген жеке тұлғалар жыл сайынғы табыс пен мүлік декларациясын тапсыруға міндетті. Егер жеке табыс салығы (ЖТС) төлеу қажет болса (мысалы, пәтерді жалға беру немесе мүлікті пайдаға сату арқылы), оны Салық кодексінде белгіленген мерзімде төлеу керек. Декларацияны тапсырудың соңғы мерзімі – 15 қыркүйек.

Еске салайық, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңа Салық кодексінде көлік салығына қатысты өзгерістер енгізілген. Жеңіл автокөліктер бойынша көлік салығын есептеу кезінде пайдалану мерзімі 10 жылдан 20 жылға дейін болған жағдайда 0,7 түзету коэффициенті, ал 20 жылдан асқан жағдайда 0,5 коэффициенті қолданылады.