Түркімен – Иран шекарасы ашық: Қазақстанға тауарлар еркін жеткізіліп жатыр

Түрікменстан–Иран шекарасындағы кеден пункттері қалыпты жұмыс істеп жатыр.
Түрікменстан мен Иран шекарасындағы «Серахс», «Артық», «Ховдан» және «Алтын Асыр» кеден пункттері қалыпты режимде жұмыс істеп жатыр. Осы кеден пункттері арқылы жүктер, соның ішінде Қазақстанға транзитпен тасымалданатын тауарлар өтеді. Бұл туралы Түрікменстан мемлекеттік кеден қызметі хабарлады.
Кеден қызметінің мәліметінше, көліктер мен жүктердің өтуі әр пункттің белгіленген өткізу қабілетіне сәйкес жүргізіледі.
«Осы пункттер арқылы Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан, Қазақстанға, сондай-ақ басқа елдерге ірі көлемде тауарлар тасымалданады», – деп жазады Түрікменстан кеден қызметі.
Осыған дейін Премьер-министр орынбасары Серік Жұманғарин Таяу Шығыстағы шиеленістің ушығуы Қазақстанның логистикалық бағыттарына айтарлықтай әсер етуі екіталай екенін айтқан еді. Алайда ол мұнай бағасының ауытқуы арқылы валюталық нарыққа ықпал етуі мүмкін деген болжам айтты.