Дубай әуежайы жұмысын тоқтатты

Екі жарылыстан кейін Дубай әуежайы (DXB) жұмысын тоқтатты. Әмірлік билігі ұшқышсыз ұшу аппараттарының атып түсірілгенін, олардың сынықтары жерге құлағанын мәлімдеді.
«Жолаушылардың, әуежай персоналының және авиакомпания экипаждарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Дубай халықаралық әуежайының (DXB) жұмысы уақытша тоқтатылды. Барлық процедуралар белгіленген қауіпсіздік хаттамаларына сәйкес жүзеге асырылуда», — делінген Үкіметтің хабарламасында.
РБК ақпаратына сүйенсек, Дубай әуежайының бос тұруы минутына 1 млн доллар шығынға әкеп соғады.
FlightRadar24 сервисінен Дубайға бағыт алған ұшақтардың қазір аспанда шеңбер жасап жүргенін көруге болады. Олардың арасында Бейжің (Қытай), Орландо (АҚШ), Катманду (Непал), Бангалор (Үндістан), Исламабад (Пәкістан) және басқа да қалалардан шыққан рейстер бар.
Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі азаматтарға өңірдегі белсенді соғыс қимылдары тоқтап, жағдай тұрақталғанға дейін Таяу Шығыс елдеріне барудан бас тартуды ұсынғанын жазған едік.