Қазақстандық боксшының Лос-Анджелестегі үйі өртеніп кетті

Жарияланды
​​General news бөлімінің тілшісі
Қазақстандық боксшының Лос-Анджелестегі үйі өртеніп кетті / Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалған

Қазақстандық боксшы Мадияр Әшкеевтің Лос-Анджелестегі үйі өртеніп кетті. Оқиға туралы спортшы Instagram желісінде айтып берді.

Боксшының айтуынша, өрт күндізгі сағат төрт шамасында, отбасы досының үйіне ауызашарға баруға жиналып жатқан кезде басталған.

«Үйден күйіктің иісін сездім. Үйдегілерден: «Бірдеңе жанып жатқан жоқ па, тамақ күйіп кетпеді ме?» – деп сұрадым. Олар: «Жоқ, бәрі дұрыс», – деп жауап берді. Бір сәтте гаражды ашқанымда – үйдің жартысы отқа ораныпты, айнала қап-қара түтін. Біз отбасы мүшелерінің бәрін сыртқа шығарып үлгердік», – деп келтіреді Әшкеевтің сөзін Sportarena порталы.

Өрт салдарынан ешкім зардап шекпегені хабарланды. Оқиғадан кейін спортшының отбасы уақытша достарының үйіне орналасты.

Мадияр Әшкеев кәсіпқой рингте өнер көрсетеді және 15 жекпе-жек өткізіп, оның 14-інде жеңіске жеткен, жетеуін нокаутпен аяқтаған. Ол жалғыз жеңілісін 2020 жылдың желтоқсанында Лос-Анджелестегі Wild Card Boxing кешенінде өткен бокс кешінде америкалық боксшы Чарльз Конуэллден тапқан болатын.

Сонымен қатар, спортшы әуесқойлар арасында 2014 жылғы Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері және «Astana Arlans» командасының құрамында Бүкіләлемдік бокс сериясының (WSB) қола жүлдегері болып табылады.

Сондай-ақ оқыңыз